Өскемендік трамвайлардың барлығы ақ-көк түске боялады
«Трамвай паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келешек жай-күйі сөз болған брифингте барлық трамвайлардың бірыңғай ақ-көк түске боялатыны да белгілі болды. Яғни, паркті сатып алған «Ертіс» корпорациясы үйреншікті қызыл түстен бас тартып отыр. Алматыдан келетін бұрын қолданыста болған сары трамвайлар да реңін өзгертеді.
Корпорация басшысы Антон Крамаренконың айтуынша, трамвайлар сәуірдің аяғында немесе мамырдың басында бірақ жүре бастамақ. Қазір қайта тіркеу шаралары жүргізілуде. Жаңадан құрылатын кәсіпорын «Муниципалдық трамвай паркі», не болмаса «Муниципалдық көлік паркі» аталуы ықтимал.
Оған басшы болып Өскемен қаласының Жолаушы тасымалдау орталығына көп жылдар жетекшілік еткен Владимир Панков тағайындалып отыр.
Антон Крамаренко жаңа кәсіпорын алдында үлкен жұмыс тұрғанын айтып берді. Ең алдымен депоға күрделі жөндеу жүргізіп, технологиялық құрал-жабдықтарды жаңалау керек, бұдан соң рельстер мен электр сымдарын жаңартып шығу қажет. Мұның бәрі де әлбетте кезең-кезеңмен жүргізілетін ауқымды шаралар. Сондай-ақ, бір айдың ішінде трамвай рельстерінде тат пайда болып үлгерген. Мамандардың айтуынша, ол тат өздерінде бар арнайы қырнау машинасының көмегімен тазартылатын болады.