KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
485.11 523.82 5.02

Ермак Сәлімов: "Мұзды жармасақ, үлкен қауіп төнер еді "

29.03.2018, 13:54 174

Ертіс өзеніндегі судың көтерілуіне байланысты Азаматтық қорғаныс өкілдері мұзды жаруға шешім қабылдаған еді. Бұл сеңнің қозғалысын реттеп, тасқынның бетін қайтару тиіс болатын. Осы мақсатқа бүгін үш тоннадан асатын жарылғыш заты пайдаланылды. Жарылыс салдарынан өзен маңындағы көпқабатты баспаналардың терезелері шағылып, халықтың бойын үрей биледі. Осыған қатысты қала әкімі арнайы сұхбат беріп, бүгінгі ахуалға жан-жақты тоқталды.


- Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Юрий Ильинмен бірге тікұшақпен тәуекел аймақтарын барлап шықтық. Соған сәйкес жару жұмыстары қолға алынды. Оның қандай аудандарда жүргізілетінін анықтадық. Алғашқы жарылыс сәтті орындалды. Екіншісін бастамас бұрын тікұшақпен тағы да барлауға шықтық. Сол бойынша сеңнің кептіліп тұрған ошағын байқап, екінші жарылыс іске асты. Осының арқасында үлкен су өз арнасымен ағып жатыр. Дей тұрғанымен 75 үйді су алды. Біз оны түсініп отырмыз. Бірақ бұл істі атқармасақ, бұдан да бетер қауіп төнер еді. Барлық жаппа шеккен азаматтарға қонақ үй ұсынылды. Бірде-бір адам жылы киім және ыстық тамақсыз қалмайды. Қазіргі таңда әр тұрғын үй бойынша есептер жүргізілуде. Соның негізінде материалдық шығын көлемі анықталмақ. Бобровка кентінде де осыған ұқсас жағдай. Онда шамамен 150-дей саяжайға залал келтірілді. Ертеңге дейін бұл судың мөлшері азаю тиіс. Дәл мұндай ахуал Түйемойнақ аралында да болды. Әр фактіге сәйкес сараптама жасалады. Жарылыстан кейін судың кеткені тіркеліп отыр, - деген Ермак Сәлімов, Затон мен Мирный ауданындағы тасқынның жай-күйін саралап берді.


Жоғарыда келтіргендей, жарылыстың қатты болғаны соншалық Сәтпаев көшесіндегі үйлердің терезесімен қатар өзге де тұрмыстық техникасының сау тамтығы қалған жоқ. Бұған жергілікті жұрт наразылықтарын білдірді. Тіпті жарылыс қуатынан сынған әйнектен бір адам зардап шеккен көрінеді. Әзірге бұл ақпараттың рас-өтірігі анықталмай отыр.



 


Осы ретте қала басшысы, мұздың қалыңдығы 1 метр 20 см-ді құрағанын айтып, сол себепті жарылғыш заттың қуатын арттыруға тура келгенін нақтылады.



- Егерде аз көлемдегі жарылыс құралын қолдансақ, қазіргідей әсер болмайтын еді. Тағы да айтамын, мұндай жағдайда мына тұрған үйлердің дені судың түбіне кетері күмәнсіз. Барлық іс-қимыл жоспарлы түрде атқарылып келеді. Арнайы мамандар бар. Олар барлығын егжей-тегжейлі зерттеуде. Содан кейін ғана жару жұмыстары орындалады. Ертең бұл іс өзге аумақтарда жалғасын табады. Әуелі тікұшақапен тағы да барлап шығамыз. Бүгін 3600 тонна жарылғыш заты қолданылды. Оқиға орнында 36 бірлік техника жұмыс істеуде, - деп сөзін түйіндеген Ермак Сәлімов, арнайы құрылған комиссия әр тұрғын үй бойынша келтірілген залалдың көлемін анықтайтынын жеткізді.

Сол сияқты аудандарды қайта қалпына келтіру үшін қосымша қаржы көздері тартылып, жергілікті құрылыс компаниялары да бұл шаруаға жұмылдырылатыны мәлім болды. Бұған қоса терезелері шағылған пәтер иелеріне де шығын көлемі өтелетінін атап өтті Семей қаласының әкімі.



 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив