ШҚО-ны қайта су басып жатыр
Облыстың кейбір аудандарында бірнеше аула аумақтарын еріген қар суы басып кетті. Төтенше жағдай орнында өрттен құтқару қызметі жұмыс істеуде деп хабарлайды ШҚО Төтенше жағдай департаменті.
Атқарылып жатқан жұмыстағы негізгі күш облыс орталығына бағытталған екен. Жергілікті атқарушы органдарының, коммуналдық қызметтерінің және ШҚО ТЖД құтқарушы бөлімшелерінің күшімен бірден бірнеше учаскеде су тартып шығарылып, қаптар төселуде.
Қазіргі уақытта 10 үй маңындағы территория және 3 көшені әлі су басып жатыр: Сібір, Малдыбаев және Ярославский көшелері. Құтқарушылар мотопомпа көмегімен суды бұрып, жоғарыөткізгішті техниканы пайдалануда. Сібір көшесінен 2 адам эвакуацияланып, «Үлбі» уақытша орналастыру пунктіне жеткізілді.
Глубокое ауданында су басқан үйдің саны беске жетіп отыр. Кейбір тұрғындар туыстарының үйін паналаса, кейбіреуі өз үйлеріне қайта оралды. Жергілікті атқарушы органдар мен өрт сөндіру бөлімшелерін суды бұру үшін барлық күштерін салуда.
Семей қаласында да ұқсас жағдай орын алды. 9 су басқан көшенің ішінде бір көшеде ғана әлі де су толастамай тұр.
Су тасқыны бойынша «112» және «138» телефондары арқылы хабар беруге болатынын естеріңізге саламыз. Сондай-ақ, құжаттарды, қажетті заттарды және азық-түлік дайындап қойыңыздар. Су үйге жақындаған жағдайда электр энергиясын өшіріп, қауіпсіз жерде көмекті күтуге кеңес береміз.