Алексей Полторанин: "Олимпиада жүлдесі маған бұйырмаған бақ болды"
Олимпиададағы соңғы үмітіміз сөнді. Пхенчхандағы дүбірлі додада шаңғы жарысынан өткен 50 шақырымдық классикалық стильдегі масс-старта сынға түскен жерлесіміз Алексей Полторанин мәреге 15-ші болып келіп, кезекті рет Олимпиада жүлдесінен құр қалды.
Айта кетейік, бұл – биылғы сәуір айында 31 жасқа толатын жерлесіміз қатысқан төртінші Олимпиада. Бұған дейін ол 2006 жылы Туринде, 2010 жылы Ванкуверде, 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиадаларға қатысқан болатын. Ең үздік нәтижені Полторанин 2010 жылғы додада көрсеткен (бесінші орын).
Бұл жолғы жарысты тәп-тәуір бастаған жерлесіміз 50 шақырымдық дистанцияның басым бөлігінде екінші, әйтпесе үшінші орында келе жатқан. Алайда, жарыстың аяқталуына шамамен 15 шақырымдай қалғандай риддерлік шаңғышының қарқыны кәдімгідей бәсеңдеп қалды. Мұны байқаған қарсыластары жүрісін жылдамдатып, әбден шаршаған Полторанинді оп-оңай басып озды. Нәтижесінде қазақстандық шаңғышы алғашқы үштікті қойып, ондыққа да ілінбей қалды. Жерлесміз мәре сызығын бар болғаны 15-ші болып кесті.
Ал сайыс жеңімпазы болып фин спортшысы Ийво Нисканен танылды. Екінші және үшінші орындарға ресейлік шаңғышылар Александр Большунов пен Андрей Ларьков көтерілді.
Жарыстан кейін журналистерге сұхбат берген Алексей Полторанин «Шынымды айтсам, үздіктер қатарынан көріну үшін барымды салдым. Өйткені, бұл мен үшін Олимпиада жүлдесіне ілігудің соңғы мүмкіндігі болатын. Алайда, мәреге он шақырымдай қалғанда күшім сарқылғанын сездім. Ары қарай жылдам жүгіре алмадым. Қайтейін, Олимпиада жүлдесі маған бұйырмаған бақ болды» деді тауы шағылып.
Естеріңізге салайық, әзірге Пхенчхандағы Олимпиада ойындарының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы Юлия Галышеваның қола жүлдесі арқасында үздік отыз елдің қатарына (28-ші орын) кіріп тұр.