KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 6 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Тасқынның алдын алу жұмыстары басталды

14.02.2018, 08:30 217

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында облыста бір мың адамнан құралған авариялық-құтқару тобы жасақталды. Бұдан бөлек үш жүзге жуық техника, 56 жүзу құралы мен тоғыз тікұшақ сақадай сай тұр. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Ломыгин мәлім етті.


– Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты және Солоновка өзендері арнасынан шығып, су тасу қаупі бар. Өйткені бұл өзендердің бетінде қалың мұз қатып қалған. Соған байланысты алдын алу шаралары жүргізілуде. Өкінішке қарай, биыл Глубокое ауданындағы Предгорное, Уварово, Кожохово, Черемшанка, Прапорщиково, Ушанов ауылдарының тұрғындары еріген қар суының салдарынан зардап шекті. Өйткені жергілікті атқарушы билік өкілдері дер кезінде арықтар мен каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізбеген, - дейді Александр Ломыгин.

Биыл облыс аумағындағы қардың қалыңдығы 25 сантиметрді құрап отыр. «Қазгидромет» мамандарының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, қардың кеш жауып, қара суықтың ұзаққа созылуына байланысты Көкпекті, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Бородулиха, Бесқарағай аудандары мен Өскемен қаласындағы топырақ 40-тан 150 сантиметрге дейін тоңданып қатып қалған. «Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, ақпан айының үшінші жартысында облыста қалың қар жауып, ауа температурасы төмендемек. Александр Ломыгиннің айтуынша, өңірімізде көктем мезгілінде су тасқыны орын алып, жұмыс күші жетіспей жатса, онда бұл іске Павлодар, Алматы, Қарағанды облыстарындағы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылатын болады.


Биылғы жылыту маусымында пешті дұрыс жақпаудың салдарынан облыс көлемінде 148 оқиға тіркеліп, 67 адам иіс тиіп уланған. Соның ішінде 18 бала бар. Сондай-ақ өңірде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаған тұрғындардың кесірінен 188 оқиға орын алған.


– Рейд барысында үйдегі және моншадағы пештерді тексереміз. Өйткені соңғы жылдары облыс тұрғындарының дені моншадағы пештің дұрыс жанбауынан иіс тиіп уланады. Сол себепті, өңір халқын тағы бір мәрте өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтауға шақырамыз, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Амангелді Шегетаев.

Брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы басшысының орынбасары Ринат Қондыбаев өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік қызметтер ақысыз көрсетілетінін атап өтті.


– Біздің қызметкерлер авариялық-құтқару жұмыстары мен өрт қауіпсіздігі шараларын тексеру жұмыстарын тегін жүргізеді. Сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бөлімшелерін ақысыз аттестациядан өткіземіз, - дейді Ринат Қондыбаев.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив