KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 3 м/с, ОБ
443.35 475.54 4.82

Қоржынға бір алтын, бір күміс, бір қола медаль түсірді

6.02.2018, 06:07 219

Иран астанасы Тегеран қаласында аяқталған жеңіл атлетикадан жабық кешендегі сегізінші Азия чемпионатында жерлестеріміз бір алтын, бір күміс, бір қола медальға ие болды.


Айта кетейік, үш күнге жалғасқан құрлықтық додаға Шығыс Қазақстан облысының екі өкілі, атап айтқанда 400 метрге жүгіру сайысында сынға түскен Элина Михина мен биіктікке секіруде өнер көрсеткен Надежда Дубовицкая қатысқан болатын. Иран жерінде екеуінің де қанжығасы майланды.


Элина Михина 400 метрге жүгіру сайысында алдына тек өзінің командаласы жамбылдық Светлана Голендованы ғана жіберіп, қорытынды есепте екінші орынға орналасты. Бұл қашықтықта Светлана мен Элина 53.28 және 53.49 секундқа тең нәтижелерді көрсетті. Үшінші орын шри-ланкалық Малика Валаввенің еншісінде (54.90 секунд).


Азия біріншілігінде Михина, сонымен қатар 4х400 эстафетасында бақ сынап, командаластарымен бірге алтын жүлдеге ие болғанын айту керек. Бұл сайыста 3 минут 41,67 секунд нәтиже көрсеткен қазақстандық желаяқтар Иран (3 минут 51,39 секунд) мен Түркіменстанның (3 минут 58,81 секунд) командаларын артқа тастады.


Тағы бір жүлдені елімізге семейлік Надежда Дубовицкая сыйлады. Чемпионаттың алғашқы күніндегі биіктікке секіру сынында 180 сантиметрлік биіктікті бағындырған Надежда алдына өзбекстандық Надия Дусанова (нәтижесі 187 сантиметр) мен өзіне қарағанда аз мүмкіндік жұмсаған ирандық Сепидех Таваколиді (180 сантиметр) жіберіп, қорытынды есепте үшінші орынға табан тіреп, Азия чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.


Құрлықтық доданың қорытындысы бойынша қоржынында жеті алтын, төрт күміс және бір қола медалі бар Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив