KZ
Өскемен
+26°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
478.93 534.96 5.16

Өскемендік «Торпедо» чемпионатты жеңіспен бастады

7.09.2018, 04:36 120


Өскемендік «Торпедо» Жоғары хоккей лигасының 2018-2019 жылдарғы тұрақты чемпионатын жеңіспен бастады. Жеңіс болғанда қандай, Мисхат Фахрутдинов шәкірттері қонақта бітіспес қарсыластарының бірі қарағандылық «Сарыарқаны» 4:1 есебімен талқандады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Жаңа маусым алдындағы жолдастық кездесулер мен бірнеше турнирде бәлендей тартымды ойын өрнегін көрсете қоймаған өскемендік ұжым ресми матчтар бастала сала, мүлдем өзгеріп шыға келді. Әрине, бір ойынға қарап, нәтиже шығару әлі ерте. Дегенмен, Қарағандыда өткен шымылдықашар ойында торпедолықтар жолдастық кездесулерде таныта алмаған қайсарлығы пен табандылығын паш етті. Жеңіліп тұрып, жеңіске жетті.


Жоғарыда айтқанымыздай, бұл кездесудегі есепті айдын иелері ашқанымен, қалған уақытта шайба тек бір команданың қақпасына тулады. Матчтың 10-шы минутында өз қақпасына гол жіберіп алған өскемендіктер бірінші кезең аяқталмай жатып есепті теңестіріп, тіптен алға шығып үлгерді. Нәтижелі соққылардың авторлары – шабуылшы Кирилл Полозов пен қорғаушы Виталий Кропачев.

Екінші жиырмаминуттықта есеп 1:3-ке жетті. Бұл жолы Андрей Белозеров көзге түсті. Жалпы, бұл ойында «Торпедоның» 71-ші нөмірі айдындағы ең белсенді ойыншылардың бірі болды десек қателеспеспіз. Қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, сарыарқалық қорғаушылардың әбден мазасын кетірген Белозеров кездесудің 54-ші минутында дубль авторы атанып, матчтың нүктесін қойды.


Осылайша алғашқы екі ұпайына ие болған торпедолықтар ертең Мәскеуде «Звезда» командасымен кездесіп, жеңісті жолын жалғауға тырыспақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив