KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 2 м/с, З
481.84 531.33 5.07

«Бес саусақ» киелі жерлер географиясына енуі мүмкін

25.01.2018, 07:11 259

Қатонқарағай ауданындағы алып «Бес саусақтың» ізі қалған гранитті жартас өзінің тылсымдығымен көпшілікке танымал. Аталған жұмбақ белгі Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің Черновинск  орман шаруашылығы аумағында, Аққайнар ауылдық округі Маралды ауылының (бұрынғы Фадиха) шығысына қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті жұрт ғажайып көріністі «Бес саусақ» деп атап кеткен.


Ұлттық парк мамандары осы оң жақ қолдың бес саусақ ізіне қатысты біршама өлшемдер жасады. Оның жалпы   жалпақтығы -410см. Үлкен саусағының жалпақтығы -60см, ұзындығы 160, ол сұқ саусаққа қарай бүгіліп тұр. Сұқ саусақтың жалпақтығы - 80см, ұзындығы -309см. Ортаңғы саусақтың  жалпақтығы -70см, ұзындығы-330см.  Аты жоқ саусақтың жалпақтығы-80см,ұзындығы-260см. Кіші саусақтың жалпақтығы-75,ұзындығы-250см.


Ең таңқаларлығы сол, аталған саусақ іздері тура адам саусағының  бітімін толық қайталайды. Әрине ең үлкен деген ер адамның саусақтарынан 35 есе үлкендігі болмаса...


Ұлттық парктің экологиялық ағарту және туризм бойынша бөлім бастығы Александр Кобзевтың айтуынша кейбір жердегі саусақ іздерінің тереңдігі 10 сантиметрден асып кетеді.


-Мен бұл жерді бала кезімнен білемін. Бұрын аса қатты мән бермейтін едік.Енді ғана көңіл бөліп,зерттей бастадық. Адам саусағына ұқсас бұл көріністі табиғат құбылыстарынан болған бейне деуге сену қиын.  Біз бұл неолит дәуіріндегі  ежелгі мүсіншілердің, сәулетшілердің қолынан шыққан туынды деп есептейміз.  Яғни бізге петроглифтерді қалай қалдырса, бұл бейне де солай жеткен. Менің ойымша саусақ іздері әлдебір құралмен тасты ұңғылап жасалмаған, ол тасты жібітетін қандай да бір қышқылмен салынған секілді,әрине ол қышқылды жасау әдісі біздің ғасырға жетпей қалған. Бұл  ежелгі дәуірдегі технологияның қаншалықты жетік болғандығын білдіреді,-дейді  облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Қатонқарағай аудандық филиалының директоры Оралғазы Қажаев.

Айта кету керек, аталған орынға апаратын арнайы жол болмаса да, оған жету қиын емес. Тапталған сүрлеу жол бар.



Кейбір жергілікті тұрғындар бұл саусақ іздерін «Пайғамбардың қолы» деп те атап жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын келген Канадалық саяхатшы  бұл ізді көріп, өз жерінде де  осындай саусақ іздері бар екендігін, бірақ оның сол жақ қолдікі екенін айтып кетіпті.


Мұражай мамандарының айтуынша, кезінде біреулер бұл алақанның төменгі жағын қазып көрмекші болған екен. Алайда жергілікті халық үлкен қарсылық танытқан. Қазір Маралдыдан ешкім қалған жоқ деуге де болады. Бір отбасы ғана тұрып жатыр. Мектеп жабық.


Ал жартастағы «Бес саусақ» мен мұндалап айқара ашылып тұрғанмен, ішінде қандай сыр бүгіліп жатқаны белгісіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив