KZ
Өскемен
+13°
переменная облачность жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

«Химик» үйіне бос қайтты

22.01.2018, 09:42 143

Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 44-ші турында өз айдынында воскресенскілік «Химиктен» 3:2 есебімен басым түскен Өскеменнің «Торпедосы» турнир кестесіндегі алтыншы орынын сақтап қалды.


Жалпы, бұл ойында қос тарап та шабуылдан гөрі, қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Осыдан болар, бүкіл матч бойы командалар бір-бірінің қақпасына 70-ке жуық қана соққы жасады. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бұған дейінгі кездесулердің басым көпшілігінде «Торпедоның» өзі ғана осыншама рет қарсылас қақпасына қауіп төндіретін-ді.


Десек те, «Торпедо» мен «Химик» арасындағы матчты тамашалауға келген өскемендік жанкүйер қауым бұл күні бес бірдей шайбаның куәсі болды. Оның алғашқы екеуін торпедолықтар салды. Нәтижелі соққылар нидерландтық қорғаушы Майк Далхейсен мен ресейлік шабуылшы Никита Ивановтың еншісінде.


Дәл осыдан кейін айдын иелерінің босаңсып кеткенін байқаған «Химик» ойыншылары шабуылдарын үдетіп, кездесудің үшінші кезеңінде Богомоловтың және Смирновтың көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Дегенмен, матчтағы нүктені торпедолықтар қойды. Матчтың негізгі уақытының аяқталуына небәрі екі минут қалғанда Станислав Тунхузиннің соққысын қақпаға қарай бағыттай білген қорғаушы Руслан Ибатуллин өскемендік командаға үш ұпай әперді.


Осы жеңісінен кейін ұпай санын 79-ға дейін жеткізген «Торпедо», жоғарыда айтқандай турнир кестесіндегі алтыншы орынын сақтап қала алды. Кеше кешке жерлестеріміз өз айдынында Қытайдың Харбин қаласынан келген «Куньлунь Ред Стар Хэйлунцзян» командасын қабылдады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив