KZ
Өскемен
+12°
переменная облачность жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

«Звезданы» ұту үшін буллит қажет болды

22.01.2018, 04:29 301

Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті, 43-ші турында өз айдынында чеховтық «Звезда» командасымен шеберлік байқасқан Өскеменнің «Торпедосы» қарсыласын тек буллиттер сериясында ғана тізе бүктіре алды.


Жалпы, бұл ойында турнирлік кестеде «Торпедодан» анағұрлым төмен тұрған қонақ команданың хоккейшілері айдын иелерімен терезесі тең өнер көрсеткенін айту керек. Бұған чеховтықтардың қарсылас қақпасына бағыттаған соққылары (46) дәлел бола алады («Торпедо» 44 соққы жасаған). Ойындағы есепті де ресейлік хоккейшілер ашты. Бірінші кезеңнің 16-шы минутында торпедолық қорғаушылар «Звезданың» шабуылшысы Сергей Купцовтан көз жазып қалды. Есеп - 0:1.


Таразы басын теңестіру үшін айдын иелеріне 20 минут қажет болды. Екінші кезеңнің соңына қарай шабуылдарын үдеткен «Торпедо» ойыншылары 36-шы минутта Денис Игнашиннің көмегімен таразы басын теңестірді.


Үшінші жиырмаминуттық пен овертаймда командалар оқтын-оқтын шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Ал матч соңындағы буллиттер сериясында айдын иелерінің жолы болды. Жеңіс шайбасы команда капитаны Евгений Рымаревтің еншісінде. Қорытынды есеп 2:1.


Осы жеңісінен кейін 76 ұпай олжалаған «Торпедо» турнир кестесінде бір сатыға жоғарылап, алтыншы орынға жайғасты. Келесі кездесуін жерлестеріміз өз айдынында воскресенскілік «Химикке» қарсы өткізбек. Бұл ойын бүгін кешкі сағат 17.00-де басталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив