KZ
Өскемен
+20°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Өскеменде жасанды сүйек жасайды

22.01.2018, 08:02 182

Шығыста Өскеменнің титаны мен танталынан, ниобиінен, магниінен медицинаға қажетті құралдар мен жасанды имплантаттар шығарып, өңір өндірісін түбегейлі жаңғыртып, жаңаша, инновациялық бағытта өркендетуге мүмкіндік беретін жеті бірдей индустриялық жоба-бағдарлама жасалып, өнеркәсіптік-тәжірибелік сынақтан өткізілгелі жатыр.  Мүлде жаңа сипаттағы, үлкен технологиялық серпіліс әкелетін бұл жобалардың технологиясын  сынақтан  өткізуге  қажетті құрал-жабдықтар желтоқсанда  шетелден облысқа,  Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ға   тасымалданып жеткізіліп, қазір құрылып, іске қосуға дайындалып жатыр.


-Құрал-жабдықтар Германиядан әкелінді. Материалдарды өңдеу құралдарын немістің ең озық DMGVORI корпорациясынан тапсырыспен алдырттық. Металл өнімдерін ең озық технологиямен өңдейтін өндіріс құралдарының  бағасы 1 млн. еуро тұрады. Сонымен бірге өнімнің асқан дәлдікпен пішінделіп, құйылуын қамтамасыз ететін 3Д сканер мен 3Д принтер әкелдік. Біздің университетке мақсатты ғылыми -техникалық қаржыландыру бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен үш жылға    2 млрд 700 млн теңге бөлінген , құралдар сол қаржыға сатылып  алынып жатыр. Біз бұл құрал -жабдықтардың көмегімен Өскемендегі металлургиялық кәсіпорындарда іске қосуға болатын болашақ өндірістің тәжірибелік  түрін, өнімдердің үлгісін, прототиптерін жасап,  ол өнімдерді кәсіпорындарға береміз. Сол  технология бойынша кәсіпорындар ол жаңа өнімдерді өздерінде өндіруге кіріседі. Ғылым  оларға  технология жасайды, өндіріс   іске қосады. Бұл құралдар әлі Қазақстандағы университеттер мен кәсіпорындардың ешқайсында жоқ ,-деді университеттің технологияларды коммерцияландыру кеңсесінің жетекшісі  Дастан Оқасов.


Ғылыми өндірістік алаңға қойылып жатқан құрал -жабдықтардың бәрі бастан -аяқ автоматтандырылып, интернетке қосылған. Болашақ өнімдердің пішіндері 3Д сканермен өлшеніп, 3Д принтерде басылып шығып, озық лазерлік өңдеуден өтеді.


- Мынау біздің учаскеде тәжірибе түрінде алынып отырған кәдімгі тат баспайтын құрыштан жасалып шығарылған  « жауырын» имплантат, одан әрі  сынған сүйекке салынатын осы имплантатты титаннан жасайыз. Таза титан адам организміне, сүйек тініне жақын, онымен бірге бітісіп кететін жақсы материал, -дейді жаңа құралдармен жұмыс істеуді үйреніп жатқан университеттің докторанты, кіші ғылыми қызметкер  Александр Микин. -Өлшеніп, өңделіп жасалған дайын өнімдердің тәжірибелік үлгілері әрі қарай   өндіріске енгізу үшін кәсіпорындарға  беріледі.

Университет мамандарына  жаңа құралдарды іске қосып, олармен жұмыс істеуді  Германиядан, Новосибирск, Москвадан келген мамандар   үйретіп жатыр.


Құралдарды құру, олармен жұмыс істеп үйрену кезеңдері біткен соң  тәжірибелік өндіріс ақпан айының аяғына таман іске қосылмақ.



Титан өнімдерін медицинада пайдалану жобасының жетекшісі университеттің математика -компьютерлік жобалау кафедрасының профессоры Ольга Бакланованың айтуынша   осы тәжірибелік  ғылыми -өндірістік учаскелерде,  зертханаларда жасалатын технологиялар жобалары Өскемендегі   «ҮМЗ», «ТМК» және «Казцинк»  кәсіпорындарында   өндіріске енгізуге дайындалады.  Олар: қорғасын мен  мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту; «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндірістік қалдық мөлшерін азайту; магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу; тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау; титан металын мұнай-газ саласына кіріктіру; титаннан жасанды дене мүшелерін дайындау; хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу жобалары.


Жаңа жоба-бағдарламалар  жаңа технологияның құдіретімен, ғылымның күшімен Қазақстанда жоқ  бірегей өнімдерді шығаруымызға жол ашады. Бүгінде дүние жүзінде өндірілетін титанның 25 пайызы, берилий мен танталдың 30 пайызы біздің шығыста шығарылып жатқанын елдің бәрі біледі. Бірақ, біз осы баға жетпес металдардан жасалған зат, құрал жабдық, бұйым атаулыны түгелдей шетелден таңдай қағып қаншама есе қымбатқа сатып алып келеміз.  Сирек кездесетін бұл металдарды дайын шикізат ретінде ғана өткізбей, өндіріске жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы оларды қажетті тауарымызға айналдыра алуымыз керек. Міне, жеті жоба -бағдарлама сәтімен іске асса қолымыз осыған жетеді.  Титан, берилий, тантал металдарының біздің өңірде молынан шоғырлануы- құнды металдар шикізатының көптігі жобалардың еліміздің экономикасы үшін маңыздылығын тіптен арттыра түседі.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив