KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 5 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Өскемендік профессор титан имплантанттарынан хирургиялық құрал-жабдықтарды шығаруды қолға алды

22.05.2017, 18:00 179



Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың профессоры Дарья Алонцева титан имплантанттарынан хирургиялық құрал-жабдықтарды шығаруды қолға алды.

Коррозияға төзімді келетін металдың бұл түрінен хирургия, нейрохирургия, кардиология, ортопедия, стоматология сияқты медицина салаларына қажетті құралдар енді Өскеменде жасалатын болады. Титан қорытпаларының беріктігі жоғары болғандықтан, аталмыш металды өнеркәсіп саласында жиі пайдаланады. Әсіресе, титан қорытпалары медициналық тәжірибеде кеңінен қолданысқа ие. Импланттық материалдарды елімізде өндірудің жолын тапқан Дарья Алонцеваның айтуынша, титаннан жасалған құралдар ұзақ уақыт бойы қолдануға жарамды болады.

– Қолға алған жобамыз жүзеге асып жатса, еліміздің титаны мен танталынан жасалған жасанды ағзалар медицинада қолданысқа енгізіледі. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласы отандық имплантацияның игілігін көре алмай отыр. Біздің ғалымдар түрлі жобалар әзірлеп ұсынғанымен, өндірістік қолдау таппағандықтан зертханадан ары аспай қалады. Сондықтан техникалық университеттің ғалымдары нақты жүзеге асатын жобаларды ұсына бастады, - дейді Дарья Алонцева.

Озық технологияға негізделген бұл жобаны жүзеге асыру үшін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқытушылары «Өскемен ТМК» акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Аллергиялық әсер туғызбайтын титан қорытпаларынан жасалған медициналық құралдар өте жеңіл болады екен. Төрт мың градуста балқытылатын титанның құймасы бірнеше өңдеуден өткен соң одан медициналық имплант алынады. Егер медицина саласына қажетті құралдарды өзімізде өндірсек, оның бағасы да әлдеқайда тиімді болады. Дарья Алонцеваның айтуынша, инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін жуықта тиісті министрліктер атсалысып, қаржылай қолдау мәселесін шешуге де көмектеседі.

– Серіктес кәсіпорындар өз тарапынан мүмкіндігінше қолдау білдіріп отыр. Дегенмен, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуде мемлекеттің қаржылай және заңдық тұрғыдағы қолдау-көмегі қажет. Себебі, ғылыми жетістіктер жоғары оқу орындарының қабырғасында қалып қоймауы керек. Ғылым мен өндірісті тығыз байланыстырсақ, биік мақсаттарға бірге қол жеткіземіз, - дейді Дарья Алонцева.

Ажар Сағатбекова




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив