Жазбаша түрде хабарланады
– Осыдан екі апта бұрын әлеуметтік төлем алуға тиісті құжаттар өткізген болатынмын. Бірақ әлі ешқандай хабар жоқ. Неге кешігіп жатқанын қалай білуге болады?
Фарида Төлегенқызы
Глубокое ауданы.
Сауалға «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Қыстаубаев жауап береді:
– Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2003 жылғы 25 сәуірдегі №405 заңының 20-бабы, 4-тармағына сәйкес «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (бұдан әрі - Қор) табыс етілген құжаттардың дұрыстығына тексеру жүргізуге құқығы бар.
Осы мақсаттарда ол мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдарға ұсынылған құжаттардың анық екендігі туралы сұрау салуды жіберіп, оларды беруге негіз болған құжаттардың бар-жоғын тексере алады. Бұл ретте, әлеуметтік төлемдер тағайындау туралы шешім қабылдаудың кешіктірілуі және шешім қабылдаудың ұзартылу мерзімдері, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылу туралы өтініш берушіге жазбаша түрде хабардар етілуге тиіс.
Қор бес жұмыс күні ішінде тағайындау немесе бас тарту себептері мен шағымдану тәртібін көрсете отырып, бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы өтініш берушіге жазбаша нысанда хабарлайды. Сіз әлеуметтік төлем жайындағы құжаттарыңыздың мәртебесі туралы ақпаратты www.gfss.kz сайтының «Электрондық қызметтер» бөліміндегі «Әлеуметтік төлемдердің тағайындалу барысы туралы ақпарат» тарауынан қарай аласыз.