Тұңғыш Президент күні қарсаңында Невзоровтар отбасы атындағы көркемсурет музейінде «Дәуір. Кітап. Лебедев» атты көрме ашылды
Владимир Васильевич Лебедев көркем кескіндемеші, график суретші, плакат салу, кітап және журналдарды безендіру өнерінің һас шебері. Ленинградтық кітап графикасы мектебінің негізін қалаушысы, бір кездері өзі туралы былай деп айтқан екен: «Менің шығармашылығымды түсіну үшін менің жиырмасыншы ғасырдың суретшісі екендігімді есте сақтау қажет… Мені сол заманның рухани ауасы қалыптастырған. Менің барлық идеяларым мен ойларым сол кезеңде тамыр жайып жатыр…».
Шын мәнінде, Владимир Лебедев өмір сүрген 1920-шы аяғы және 1930-шы жылдардың басы аса күрделі және қайшылыққа толы жылдар еді. Суретші үшін ерекше шығармашылық белсенділіктің, үздіксіз ізденістер мен жаңашыл шешімдердің уақыты болды, осы кезеңде қайталанбас «лебедевтің» стилі қалыптасады. Музей қорында бүгінде шебердің 157 туындысы сақталуда, олардың 108-і алғаш рет көпшілік қауымға ұсынылыпты. Бұл суретшінің замандастарының тамаша көркем және графикалық портреттері, адамдар мен жануарлардың натурлық суреттері, натюрморттар. Экспозицияда сондай-ақ, Самуил Маршақтың сықақ туындысы «Мистер Твистер» атты поэмасы үшін салынған Лебедевтің әлемге әйгілі иллюстрациялары да ұсынылыпты. Бұл кітап алғашқы рет 1933 жылы жарияланған. Лебедевтің көрмеге қойылған барлық туындыларын 1990 жылдары суретшінің жесірі Ада Сергеевна Лазо-Грабенкодан Невзоровтар отбасы атындағы көркемсурет музейі сатып алған екен.