KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
481.84 531.33 5.07

«Тұмарыммен» елдің есіндегі Рамазан Елібаев Өскеменде тұрады

19.04.2017, 18:00 274



«Тұмарым, ай-ай тұмарым,
Аясаңшы мені сүйген тұмарым»...

Тыңдарманын жоғалтпай келе жатқан хит ән. Сөзі қырғыздікі болғанымен әуені әнші-сазгер - Рамазан Елібаевтікі. Тыңдарманның жүрегіне жеткізіп орындайтын да өзі еді. «Тұмарым», «Жаным-ау», «Не пайда?» сынды біраз әндердің де авторы. Еңбегі еленді Елібаевтың. Көп жылдар еліміздің сахналарында өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Кейін сахнадан көрінбей кетті...

Әке бейнесі еміс-еміс есінде

Соғыстан кейін ел енді-енді ес жиып, етек-жеңін жаба бастаған 1947 жылдың жазы. Катонқарағай ауданына қарасты Еңбек ауылы. Қабдолданың шаңырағында дүниеге маңдайы торсықтай сары ұл келді. Елібай ақсақал немересіне Рамазан деп ат қойды. Шама-шарқынша ауылдастардың басын қосып, дастарқан жайды.

...Рамазанның әкесі Қабдолда жиырмаға жетпей Берелдегі Қайша есімді қызға үйленген. Қайша ол кезде он алты-ақ жаста. Он жеті жасында Рамазанды тауып, бір отбасын айрандай ұйытады. Ал Қабдолда соғыс жылдары Көккөлдегі рудникте вольфрам қазу жұмыстарында істеген. Бірде Өрелден ат шанамен бұғы-маралға жем апара жатып Бұқтырманың мұзы жарылып кетеді. Қоқаң еткен шанадағы үш қап жем суға күмп ете түседі. Ол заманда үш қап жем - үш жыл түрме. Содан жас жігіт қыстың қақаған аязына қарамастан суға қойып кетеді. Өліп-талып жүріп үш қапты судан алып шығады. Бұқтырманың тастай суық суы қойсын ба?! Сол ауырғаннан беті бері қарамай көз жұмады. Өткен суықтың ғана емес, Көккөл кен орнында істегендегі жұмыстың да зияны бар көрінеді. Өйткені сол кездері Көккөлден келгендердің көбі аурудан көз жұмған екен. Әкесі өмірден өткенде Рамазан үш-ақ жаста. Соның өзі еміс-еміс есінде. «Киізге орап, Сары томпаққа қарай әкетіп бара жатты» деп есіне алады сол қаралы күнді.

Анасы Қайша бір жыл қара жамылып отырды. Сонда қайын атасы Елібай; «Көлденең алдымыздан өтпедің, мінез көрсеткен жоқсың. Баламның сүйікті жары болып, дүниеге ұл мен қыз әкелдің. Болашағың алда. Қайтам десең, қайта ғой еліңе. Зияда немеремізді ала кетуіңе рұқсат. Ал Рамазан қара шаңырақтың иесі, менің жалғасым» - деп рұқсатын береді.

Кішкентай Рамазан таң ата ауладағы у-шудан оянады. Сыртқа атып шықса, анасы атқа қамшы басайын деп тұр екен. Ауылдастары келіп қош айтысып жатыр. Баласы аттың шылбырына жармаса кетеді... Амал қанша, үлкен апасының қолында қалады. Бірақ анасымен аралас-құраласы үзілген жоқ. Өткен күндер сағымданып, жағдай оңалып келе жатқанда аяқ асты бауыр басып қалған апасы қайтыс болады. Бұл Рамазан мен атасы Елібайдың қабырғасын қайыстырған қаза болды. Қайғымен қоса үйдің тірлігі де ақсақалдың өзіне қарап қалды.

Фадиха ауылы. (Бүгінде Маралды ауылы) Бөрене үй. Төргі бөлмеде қандала қаптаған Елібайдың жалғыз төсегі тұр. Іргесіндегі тозған түскиізге самырсыннан ойған ешкі ішекті қара домбырасын іліп қоятын. Бірде домбырасын қолына алып ұзақ күйлейді. Әдетте атасы домбырасын қолына алғанда бала Рамазан төсектің астына зып беретін. Бүгін де солай. Домбыраның күмбірлеген үні үйдің ішін одан сайын күңірентіп бара жатты. «О ғұмыр» дейтін өзінің шығарған күйі. Өткенін еске алып отырса керек. Қанша қиындық көрсе де кемпірі Еркежан қасында еді ғой. Енді келіп сопиып жалғыз басы қалды. Ұлынан да айырылды. Көп ұзамай бәйбішесі де кетті. Енді ше? Үйіне бас-көз болатын ешкімі жоқ. Әйтеуір көршілердің біреуі келіп бәтер пісіріп кетеді. Қатып қалса да соны талғажу етеді екеуі. Бір сиыры мен мініс аты бар шалдың. Жаздай соларға шөп дайындайды Рамазан екеуі. Немересі қасында, оған да шүкір айтады іштей. Кішкентай болғанымен үйдің жұмысын үлкендерден қалыспай істейді.

...Күйдің күмбірі күрт тоқтады. Орнынан атып тұрған ақсақал домбыраны есіктің жақтауына бір соғып сындырды да үйден шығып кетті. Сол кеткеннен үш күн жоғалды. Күй әуені немересінің құлағынан өмір бойы кеткен жоқ. Әншілігі атасынан дарыған Рамазан өсе келе домбыраға салып та алды бұл күйді.

Ауылдастардың бірі Елібай ақсақалды Катонқарағайдың бас жағында жүр екен десе, енді бірі кемпір іздеп кетті десті. Әр кім өзінше жорыды. Бір күні Елібай расымен де кемпір әкеле жатты. Аядай үйге кемпірінің бір қызы, бір ұлы, кішкентай жиені бірге келді. Олармен бірге бұл шаңырақтың берекесі кіріп, жаңа өмір басталғандай еді. Екінші апасы Нұрғиза да Рамазанның бетінен қақпай «менің балам» деп еркелетіп, тыққан-мыққан құрт-ірімшігін ауызына тосып отырды.

Ауылдық клубта ашылған талант

Рамазан Фадихада бірінші сыныпқа барып, төртінші сыныпқа дейін оқыды. Төртіншіні аяқтаған соң өз үйіндегі еркелігі де тыйылды. Бұдан кейін оқуын жалғастыру үшін кейінгі апасының Қайыңдыдағы қызының үйінде тұрды. «Алты аға бірігіп әке болмас, алты жеңге бірігіп ана болмас» деуші ме еді?! Екі бөлмелі үйдегі апай-жездесінің алты қыз, бір ұлы бар. Рамазан мұнда оқып жарыта қоймады. Таң атар-атпастан сиыршы жездесінің сарт етіп тиген бишігінен оянып, ауылдың сыртына дейін малдың бір жақ басын қайырысады. Одан үйге қайта жүгіріп келіп, екі-үш дәптер, кітап салынған дорбасын алып мектепке қарай асығады. Күнде осы. Сабақтан кейін сол үйдің күйбең тірлігі. Сөйтіп Қайыңдыда екі жыл оқиды. Шыдамның да шегі бар. Әбден қиналған бала атасына барып; «Қайыңдыда оқымаймын» деп кесіп айтады. Елібай ақсақалдың да мінезі ауыр, көп сөзі жоқ кісі еді. Ертесінде ұлын атқа мінгестіріп алды да, Еңбектегі Тәукіш апаның үйіне ат басын тіреді. Бірақ бұл ауылда да оқитындай мүмкіндік жоқ. Ауылдықтардан Шыңғыстайда интернат барын естіп, солай қарай тартады. Мектепке тақау салынған үлкен қара үй екен. Сонда орналасып, оқуын жалғастырды. Мұнда күнделікті үй шаруасынан қолы босағанымен, басқа да қиындықтар алдынан кесе-көлденең шыға берді. Шыңғыстайда бір жыл оқып, Черновада (бүгінде Аққайнар ауылы) тұратын туысқандарының қолына кетеді. Заман тар болғанымен, адам көңілі кең ол кезде. Бір бөлмелі үйде бір тілім нанды бөлісетін.

Жасөспірім Рамазан. Сегізінші-тоғызыншы сынып. Кепкісін қисайтып киіп, қыздарға қырындайтын шағы. Бойындағы өнері де осы кезде ашыла бастады. Ауыл клубында домбырамен ән салып, сырнай тартып би кештерін ұйымдастыратын. Ауылдың қыз-жігіттері мәз. Рамазанға риза. Он екілерде моторист жарықты жыпылықтата бастайды. Жастардың қайтқысы жоқ. Шарап апарып беріп, жарықтың уақытын ұзартатын.

Бұдан кейін Өрелде, Катонқарағайдың Алтайында оқып, Шыңғыстайға қайта барып тұрақтайды. Жаңадан интернат салынып, оқушыларға жағдай жасалған екен. Рамазан мұғалімдердің көзіне бірден түсті. Сурет те салады, ән де шырқайды. Үнемі қабырға газетін шығарып отырды. Үлкен үзілістерде сырнаймен ән шырқауды да әдетке айналдырды. Арманы Алматыдағы консерваторияға түсу еді. Ал үйдегілері «кәнсербіңді білмеймін, нан жейтін оқу керек» дейтін.

Кушкада қазақтың қайсарлығын мойындатқан

Арман жетегінде жерлесі Әлібек Қаңтарбаев екеуі арман қуып Алматыға аттанды. Рамазан өнер жолын қуып опера театр факультетінде оқыды. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағлановалардан сабақ алды.

- Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде би болатын. Сол биден қалмайтын едік. Твис билегенді ұнататынмын. Қайда барсам да гитарамды құшақтап жүретінмін, - деп еске алады студенттік шағын Рамазан Елібаев.

Жас әнші Рамазан Елібаев сол жердегі үздік оқитын студенттердің қатарынан табылып, Мәскеуде өтетін қазақ өнер әдеби күндеріне аттанады. Көне қаланың да берген білімі зор болды. Тәжірибе жинақтап, Қызылорданың университетінде сырттай оқуын жалғастырады. Бірақ екі курсатан кейін әскерге шақырту келіп, Түркіменстанның Кушкасына кетеді. Алғашында Ішкі істер министрлігінің ансамбіліне түскен. Алайда ол жердегі командирлердің бірі «я тебе покажу где раки зимуют» деп көлеңкесінің өзі 40 градус ыстық Кушкаға жібереді. Жәндігі көп құмды жер. Бала кезден қиындықты көп көрген ол бұл жерде де төзді. Төбелесті. Таяқ жеді. Еңсесін түсірмеді. Қазақтың қайсарлығына қайран қалған командирлер жарты жылдан кейін Небидак қаласындағы офицерлерді дайындау курсына жібереді. танкіге қарсы снаряд жіберу бөліміне оператор етіп ауыстырады.

Әскерден келгеннен кейін шығармашылықты мықтап қолға алды. «Тұмарым», «Жаным-ау» сынды әндер дүниеге келіп Қазақстанда алғаш Әбибек екеуі дуэтпен шырқады. «Жаным-ау, Жаным-ау, Жас жүрек жатыр жанып-ау» деп сахнаға көтерілген екеуді көргенде жұрт қошеметтерін аямайтын. Бірде Ерейментауда концерт беріп жатса отырған бір шал таяғына сүйеніп тұрып; «неменеге, жаным-ау, жаным-ау дейсіңдер, жандарыңа не болды?» деп шығып та кетіпті. Тағы бірде Ерейментауға жолдары түскенде әлгі ақсақалды өздері арнайы шақыртыпты.

Бұдан кейін «Не пайда?», «Көздері-ау» әндері шығып, көпшілік сүйіп тыңдаған әндерге айналды. Кейін ақын Ақтан Нұрбаевтың сөзіне жазылған «Нұрлы Алтай» әні шығып, Катонқарағайда клип түсірілді. Әндері көп болғанымен, тыңдарман жүрегінен орын алғаны он шақты. Бүгінде «Тұмарымды» Лұқпан Жолдасов, Айқын Төлепбергендер заманауи әрлеуін жасап, айтып жүр.

Рамазан Елібаев өнер жолында жүрген кездері «Алматы әуендері» ансамбліне жетекшілік етті. Содан кейін сегіз жылға жуық гуілдеп тұрған «Гүлдер» ансамблінің құрамына енеді. Көп ұзамай құрамын Нағима Есқалиева толықтырады. Кейіннен мәдениет басшылығы Роза Рымбаеваны алдырады. Сөйтіп сегіз жылдай Қапаш Құлышева, Қалампыр Рахимова, Қайрат Байбосыновтармен бір сахнада ән шырқайды. Бірде Кубада өткен үлкен байқауға қатысып, қазақ әндерін әуелетті. Бір аптаға созылған фестивальден Фидель Кастро, Рауль Кастроның жүрекжарды тілектерін естіп, үлкен тебіреніспен қайтады. Жолай Марокко, Германияны аралайды. Бұл жақтан Мәскеуге жете салысымен Кремльде концерт береді. Араға бір жыл салып «Гүлдер» ансамблі Германияда өткен жастар фестивалінде өнер көрсетеді. Кейін Рамазан Елібаев «Гүлдерден» кеткен соң Польша, Румыния, Болгария, Чехославакия сынды елдерді аралап, концерт береді. Тіпті анау жатқан Камчатканы да әсем әнге бөлеп қайтқан. Ал, осыдан екі-үш жыл бұрын Рамазан Елібаев, Майра Ілиясова, Нұржан Қалжан, Баян Нұрмышевалар Қытайдың Үрімшісінен бастап Бейжіңге дейінгі ірі қалаларда концерт берген.

Өгейсітсе де Өскемен өзінікі

Рамазан Елібаев отыз жеті жыл Алматыда тұрды. Өнердегі жора-жолдастарының бәрі Алматыда. Әсіресе Роза Рымбаеваның күйеуі Тасқын екеуінің арасынан қыл өтпес дос болды. Роза аға ретінде сыйласа, Тасқын жан досы еді. Екеуі отау тіккенде Тасқынға күйеу жолдас болған да Рамазан Елібаев.

Ал қырық жылға жуық ән сапарда жүргенде үйдегі жағдайын жасап отырған Алма жеңгеміз. Рамазан отыздан асып барып үйленіп, екі қыз бір ұл тәрбиелеп өсірді. Алматыны тастап кетуінің өзі жалғыз ұлы Алмастың денсаулығына байланысты еді. Ұлының бас сүйегінің қысымы жоғары болып, Катонқарағайда жүреді біраз уақыт. Тегі туған жердің табиғаты, ауасы жақса керек дертінен құлан таза айығады. Содан әке-шешесімен ақылдаса келе Өскеменде тұрақтайды. Бала үшін шыр-пыр болып жүретін ата-ана ұлы Алмас пен келіні Шұғыланың қасына көшіп келеді. Сөйтіп, Елібайдың ұрпағы үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп отыр.

- Алматы - өнер ордасы. Өмірімнің жастығы өткен мекен. Жан-жарымды да сол жақтан таптым, шығармашылықтың шыңына да сол жақта жеттім. Алматы мен үшін ыстық. Қимадым. Өгейсітсе де Өскеменім де өзімдікі ғой. «Туған жерге туың тік» демекші, Өскеменде тұрып жатырмын, - дейді әнші-сазгер, Рамазан Елібаев.

Өскеменде өкіметтің берген пәтері бар. Бірақ жекешелендіріп ала қойған жоқ әлі. Бұйырса биыл ардагер әнші жетпіс жылдық мерейтойын тойламақшы. Соған орай облыс басшылығы тарапынан қолдау болса, аудандардымызды, Қазақстан қалаларын аралап, концерт беру ойында бар.

Мерей Қайнарұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив