Биыл облыстық бюджеттен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына жеткіліксіз оқулықтарды алып беруге арнайы қаржы бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ластаеваның айтуынша, ағымдағы жылы 123 772 дана оқулықты сатып алу үшін облыстық бюджеттен 156 миллион 448 мың теңге бөлінбек.
– Ата-аналар жыл сайын баласын мектепке дайындау үшін айтарлықтай шығындалады. Жалпы, оқушыға қажетті оқулықты алмас бұрын оның баспасына, авторына және жарық көрген жылына назар аударған жөн. Өйткені, әр мектепте талап етілетін оқулық әртүрлі. Сондықтан артық шығындалмас бұрын мұғаліммен жолығып, балаңызға керекті кітаптардың атауын, жылын, баспасын алдын ала сұрап алған дұрыс, - дейді Раушан Ластаева.