Өскемен қаласында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир аяқталды.
Алты мемлекеттің өкілдері бақ сынаған жарыста 14 салмақ дәрежесінде мықтылар анықталды. Жарыстың ақтық кезеңі аса тартысты өтті. 44 келіде өскемендік Мақсат Өтегенов пен еліміздің екінші құрамасының өкілі Бекзат Мағжанның айқасы жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Мақсат бірінші раундта басым болғанымен екінші және үшінші раундта Бекзат қарқынын үдетіп, жеңісті жұлып алды. Үшінші орындарға Тимур Қабдешов пен Азамат Сайфуллин ие болды.
46 келі салмақтағы ақтық сайыста өзбек боксшысы Самандар Холмуратов пен ресейлік Магомед Шамсаев кездесті. Бұл сайыста өзбекстандық ұпай санымен қарсыласынан басым түсті. Үшінші орындарды Тимур Жолдасбеков пен ресейлік Кагир Минатуллаев бөлісті.
48 келіде жамбылдық Жексен Бейбарыс қырғыз елінің үкілеп қосқан боксшысы Дастанбек Ормановтан айласын асырды. Айта кетейік, Орманов мұның алдында Қазақстан құрамасының мүшесі, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Айбек Досановтан басым түскен болатын. Ақмола облысының өкілі Сұлтан Мусинов пен Айбек қоланы қанағат тұтты. 50 келі салмақта Әзірбайжан елінің саңлағы Афлатун Бабаев Өзбекстаннан келген Абдумалик Халаковты тізе бүктірді. Жасөспірімдер арасындағы бокстан Әлем чемпионы, ресейлік Илья Попов екінші құраманың өкілі, жерлесіміз Нығметолла Молдашевпен финалда қолғап түйістірді. Ильяның басымдығы айқын аңғарылып, 2:0 есебімен басым түсті.
54 келіде Қазақстанның қос бірдей боксшысы Сұңқар Талдыбек пен Сейітжан Рахат шаршы алаңның шаңын қақты. Нәтижесінде екеуі бірінші және екінші орындарды бөлісті. Бұдан кейінгі салмақтарда Талғат Шәйкен, Азат Асанов, Ермахан Жақпеков, ресейлік Александр Шешуков, тағы басқалар бастапқы орындарға табан тіреді. Моңғолиядан ат терлетіп келген Әмір Оралғазин деген қандасымыз қола медальға ие болды.
Турнир аяқталған соң жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыс әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтар табыс етілді. Бұл турнир енді жыл сайын өткізілетін болады.
Оңдасын Елубай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz