KZ
Өскемен
+27°
небольшой дождь жел 1 м/с, С
471.46 504.79 5.53

Мұз айдыны ашылды

28.12.2015, 18:00 163


Қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне арналған мерекелер легі Өскемен қаласында мұз айдының ашылуымен басталды.

Аталмыш мұз айдыны төрт мың шаршы метрді қамтиды екен. Бұл жерде қыс мезгілінде әрбір өскемендік тегін коньки тебе алатынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, мерекеге орай спорттық ойындар, «Snow Ring 2015» атты автомобильдер жарысы өтті.

Бұдан соң балалар мен жасөспірімдердің олимпиада ізбасарларын даярлайтын облыстық мамандандырылған спорт мектебінде көркем гимнастикадан сайыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Бұған 2000-2010 жылдар аралығындағы қыздар қатысты.

Он жас санаттарына байланысты жеке және топтық жаттығу бағдарламалары бойынша жас спортшылар өзара бақ сынасты. Атап айтсақ, еліміздің спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер мен жасөспірімдер арасындағы жекелей сын бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің спорт шеберлері арасындағы жарыста Әлия Молдахметова бірінші орынға ие болды.

Ал спорт шеберлігіне үміткерлер бағдарламасындағы жекелей сында үшінші орынға Виктория Никулина, екінші орынға Рената Жолдинова ие болса, ал бас жүлдені Елизавета Демченко қанжығасына байлады. Жекелей сындағы гимнастшылардың ішінен Рената Жолдинованың шеберлігін ерекше атап өткен жөн. Барлық жаттығуларды жоғары деңгейде орындап, тобындағы мықты қарсыластарымен иық тірестіре өнер көрсеткен қызымыздың тек шешуші сайыста ұпайы сәл төмендеп қалды. Дегенмен, Рената бірінші разряд иегері Елизавета Демченкодан қалысқан жоқ.

Жекелей сында үлкендер арасында өнер көрсеткен Томирис Сатыбалды 1 разрядты иеленсе, Полина Самарина 2 разрядты, Виктория Клинмацева 3 разрядты місе тұтты.
Жасөспірімдер арасында Алина Лазерова бірінші орынға ие болды. Қалалық көркем гимнастиканың бас жаттықтырушысы Лилия Васильевна гимнастика шеберлеріне қойылатын талаптардың өте жоғары екендігін де жасырмады.

– Спорттағы сұлулық десе алдымен көркем гимнастика еске түседі. Өйткені, әдемі жүріс, ерекше киім үлгісі, ырғақпен қозғалыс сынды дүниенің барлығы аталмыш спорт түрінен табылады. Гимнастиканың басты мақсаты спортшының физикалық даярлығын жақсарта түсу деген түсінік қате. Себебі, бапкер шәкіртінің дене бітімімен қатар баланың бойындағы сенімділігін арттыруға, тіпті өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға барын салады. Бүгінде көркем гимнастиканың ең қолжетімді түрі йога мен фитнес болып табылады, - дейді Лилия Васильевна.
Сөйтіп, Өскеменде екі күнге созылған көркем гимнастшылар сайысы да өз мәресіне жетті.

Ажар Сағатбекова




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив