KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 1,8 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін облыс әкімі құттықтады

20.12.2015, 18:00 216



Кеше Өскеменде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай аймақтық журналистер форумы өтті. Уақыттың тамыршысы болған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті.

– Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын. Шығыста қызмет істеген бір жылда өңірдің өркендеуі мен дамуы жолында өздеріңізбен бірлесіп еңбек еттік. Әрине, қой жылы оңай болған жоқ. Бүкіл әлемді дағдарыс шарпып, экономикада тұрақсыздық туындады. Алайда, еліміздің, оның ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін төмендетпей ұстауға қол жеткіздік. Облыста атқарылып жатқан игі істерді халыққа жеткізіп, жақсылықтың жаршысы болуда ақпарат құралдарының көтерген жүгі зор. Сондай-ақ, сіздер қандай да бір кемшіліктер болса, өткір сынға алып, оның түзелуіне үлестеріңізді қосып келесіздер. Бұл еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Жалпы, журналистер қауымы қашан да ақиқаттың, шынайылық пен әділдіктің жақтаушысы. Қоғамға аса қажетті шынайылықты қамтамасыз етуге атсалысып жүрген еңбектеріңіз үшін сіздерге шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Мереке құтты болсын! – деп форумның ашылу рәсімінде ағынан жарылған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ еңбегі жанған бірқатар әріптестерімізді облыс әкімінің арнайы сыбайластырмен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапаттады.

Жоғары құрметке бөленіп, мерейі үстем болған журналистер қатарында облыстық «Дидар» газетінің фототілшісі Есімхан Орынбаев, облыстық «Рудный Алтай» газетінің шолушысы Мейір Тоқабаев, республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің өңірдегі меншікті тілшілері Думан Анаш пен Светлана Әбенова, «Хабар» республикалық телеарнасының Cемейдегі меншікті тілшісі Болат Көкенайұлы , «Қазақстан» республикалық телеарнасының меншікті тілшісі Берік Көшербаев және басқалары бар.

Ал газетіміздің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев Шығыс Қазақстан облысының грамотасымен марапатталды.
Айта кетейік, облыс әкімінің сыйлығы мен алғыс хаттарын иеленген әріптестеріміз «Президенттің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын ақпараттық сүйемелдегені үшін», «Мерейтой даталары», «Әлеуметтік жаңғырту – уақыт талабы», «Елімнің тағдыры – менің тағдырым», «Облыстың интернет журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Өңірдің экономикалық даму орталықтары», «Еңбек адамы» сияқты аталымдар бойынша марапатталды.

– Жалпы, журналистердің еңбегі аса байқала бермейді ғой. Көп жағдайда кадрдан тыс немесе кейіпкерінің тасасында қалады. Өйткені, журналист үшін бірінші кезекте өзінің кейіпкері тұрады. Біздің қызметіміздің өзегі сол - қарапайым халық ішінен еңбектің жаңа қаһармандарын, жаңа тұлғаларын іздеп тауып, көпшілікке таныту. Айталық, астронавтар аспандағы жаңа жұлдаздарды ашса, біз жердегі еңбек жұлдыздарын жарқыратып жағуға асығамыз. Ал егер біз жазған мақаладан кейін кейіпкерлеріміздің еңбегі жанып, шаруасы өрге домалап жатса ең үлкен бақыт сол. Міне, тілшінің жұмысы осындай, – дейді «Еңбек адамы» аталымы бойынша облыс әкімінің сыйлығын иеленген «Рудный Алтай» газетінің шолушысы Мейір Тоқабаев.

Иә, ақпараттық технологиялар тегеурінді дамып, жаңару мен жаңғыруға үдемелі бет алған қазіргі шақта журналист мамандығын арқалап жүру үлкен жауапкершілік, сауаттылық пен біліктілік, оперативтілік, жан-жақтылық секілді қасиеттерді талап етеді. Себебі, бұқаралық ақпарат құралының өкілі ұсынған баспа немесе телерадио өнімін еңбектеген жастан еңкейген кәріге дейінгі бүкіл халық тұтынады. Сондықтан да болар тілшілер қауымы осындай аса жауапты міндеттің иесі екендігін ұлтымыздың ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынов: «Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген бір ауыз даналық сөзімен-ақ айтып кеткен.

Серік Әбілхан




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив