KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
492.22 529.38 5.03

ШҚО әкімі Қоғамдық кеңеске бала өлімін азайтуды тапсырды

11.12.2014, 18:00 140



Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен ШҚО Қоғамдық Кеңестің кеңейтілген отырысы болып өтті. Жиын барысында сараптама тобының жұмыс қорытындысымен танысқан облыс әкімі кеңеске келесі жылы аймақтағы бала өлімін азайту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

Өскеменде өткен Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасының «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жиында Қоғамдық кеңестің ағымдағы жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, 2015 жылға арналған жұмыс жоспарының негізгі бағыттары белгіленді.

Сараптама жұмыс тобының төрағасы Татьяна Чернышева биыл жұмыс тобы Өскемен қаласының медициналық мекемелеріне 46 рейд жүргізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, білікті кадрлар мен маскүнемдіктен, нашақорлықтан емдейтін психологтардың жетіспеушілігі жергілікті медицинаның негізгі мәселесі болып отыр.

Төрағаның баяндамасын тыңдаған ШҚО басшысы сараптама жұмыс тобына 2015 жылы жаңа бағыттарда жұмысты жүзеге асыруды тапсырды. «Өз міндетін атқаруда ауқымды істерді атқарып жүргендеріңіз сөзсіз. Десе де, келесі жылы сіздер әлеуметтік маңызы зор жұмыстарды қолға алуларыңыз керек. Сіздерге бала өлімін азайту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын», - деді облыс әкімі.

Жиын соңында Даниал Ахметов Қоғамдық кеңестің билік пен халықты ортақ мүддеге жұмылдыру ісінде үлкен рөл атқаратынын айтып өтті. «Президент Н. Назарбаевтың Жолдауда жүктеген негізгі тапсырмасы - қазақстандық қоғамның бірлігін сақтау. Сіздер мен біздер осы ортақ идея аясында аянбай еңбек етуіміз керек. Қазақстандық қоғам - 120 ұлттың басын біріктірген бірегей қоғам. Ең үлкен байлығымыз - бірлігімізді қорғауымыз керек», - деді Д. Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, Қоғамдық кеңес 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Ағымдағы жылы кеңестің басшылығымен облыстың қалалары мен аудандарында 38 отырыс, 16 рейд, 12 көшпелі отырыс болып өтті.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив