KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

«Жас өрен» атты мектеп оқушылар айтысы Семейде өтті

2.03.2014, 18:00 208



Ақпанның жиырма жетінші жұлдызында, Семей Қалалық Мәдениет сарайының төрінде «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасы Жолдауы аясында өткізілген дәстүрлі XVII «Жас өрен» қалалық оқушылар айтысы өз шымылдығын түрді.

Қазылар алқасының құрамында Нұргүл Сайлауқызы, Гүлжан Жақсыбайқызы, Жанарбек Оралханұлы, Медет Демежан, Айбек Қосановтар отырып, әділ бағалап, жан-жақты саралады.

Алғаш болып айтысты бастаған жұп: Өмірбаев Райымбек (Шәкәрім ат. үш тілде оқытатын мектеп) пен Жолдыбалин Мирас (Ш. Уәлиханов ат. «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицейі) болды. «Қол бастағаннан сөз бастаған қиын» дейді қазекең. Өмірбаев Райымбек өз кезегінде «Қазақстан «Мәңгілік Ел» болады, дүниеде жалғыз қазақ қалғанша» деп, «Мәңгілік Елдің» қазақтың қолында» екендігін айтса, Мираста қалыс қалмай «Үш тілде оқытатын мектептенсің, жыр айтып жіберсеңші ағылшынша» деді. Аруақты есімді арқаланып жүрген Р. бауырымыз «жеті жұрттың тілін біл» деген бабалар аманатын орындап жүргенін айтып, қарсыласының меселін қайтармай бірнеше шымыр шумақтарды ағылшын тілінде айтып, тілге келгенде тайпалаған жорғалығын танытты. «Сәкен менен Ілияс, Бейімбеттей, біздің де берік болсын достығымыз» деп, Райымбек ұлан айтқандай бұл жұп тақырыптан ауытқымай, достық ауанында тарқасты. Негізінен ел қошеметіне көбірек бөленген Райымбек қазылар қорытындысында Мирастан 1 ұпай басым түсті.

2 жұп құрамында - Құрманғалиев Ернұр (№42 мектеп) мен Талғатбек Данияр (№37 мектеп гимназия) болды. Ернұр қарсыласының қара шомбал тұрқын нысанаға алып, «дәу братанға» бірден шабуыл жасап, айтыс емес, қазақша күреспен айналыссаңшы деп түйреді. «Үш нояннның біріне ұқсамайтын, балпанақтай қазақтың баласымын!» деген Даниярдың ұтымды жауабына ел разы болды.

Десекте, Даниярға дайындықтың қажеттілгі көп байқалып, Ернұр қарсыласынан әлдеқайда озық түсті. «Томпақта шабыттанса топ жарады» деген Асқаров Бақдәулеттің (Ш. Уәлиханов ат. «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицейі) қарсыласы - өз арнасына симай кетсе, қара Ертістей бұлқынатын Шакенов Арна (№25 мектеп) болды. Бұл айтыста асығы алшысынан түскен Арна қарсыласына шаң қаптырды. Бағанадан бері жігіттердің арасындағы сөз барымтадан жалыға бастаған жұртты дүр сілкіндірген жұп - Кенжебекұлы Ерсін (№47 мектеп) мен Досжанова Рысгүлдер (№21 мектеп) екені бәссіз шындық. «Қызды ауылға ән салған», «қыз қылығын бір кісідей түсінетін» ерке Ерсін «өзің ырыс, өзің гүлсің» деп Рысгүлге «жүрек сөзін» жеткізді. «№21 мектептен шыққан жалғыз ақын» Рысгүл қарындасымыз қарсыласының тегеурініне дес бермеді. Бұл жұп тақырыпты мейлінше ашып, рухсыз жастарды, ғаламтордың зияндығын, сандырақ, сапасыз әуендерді тілге тиек етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сегіз қырлы, бір сырлы Ерсініміз ақындығына қоса, әншілігін, әртістігін байқатты. «Қыз бен жігіт» айтысының үлгісіндей болған жұп бозбалалық пен бойжеткендік әзілдің әдемі түрін көрсете алды. Бесінші жұптағы – Мақсат Ердана (Ш. Уәлиханов ат. «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицейі) мен Жакина Гүлімнің (№22 мектеп) айтысы пәлендей деуге келе қоймас. Бірақ киелі өнердің табалдырығын енді ғана аттап, тұсауларын кесіп жатқан өрендердің бар болашағы алдында екені рас. «Өнердің шыңдарына құлаш ұрған» Болат Заңғар (Ш. Уәлиханов ат. «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицейі) және Карипжанова Арманайларда (№47 мектеп) «Тұсауымыз аламанда кесіліп, маңдайымыз жарқырайтын күн бүгін» деп, Заңғар айтқандай осы айтыста тұсауларын кескен жұптардың қатарын толықтырды.

«Жас өрен» атты мектеп оқушылар айтысы Семейде өтті

Келесі кезекте Абыралы елінен ат терлетіп жеткен Бүркітбаев Рақсұңғат (С. Бегалин ат. мектеп) сахна төріне жалғыз көтерілді. Себебі, жұбы болмағандықтан. Қонақ атанған жас ақынымыз жүргізушілердің шешімімен өзіне Шакенов Арнаны жұптады. Мұнда айтысты дегеннен гөрі, ақын Арна Рақсұңғат бауырының тұсауын кесті десек жөн болар. Рақсұңғат інімізге айтыста алар орны бар азамат болсын деген тілекпен ел қошемет білдіріп отырды.

Қазылардың қорытындысымен «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, он үш жас өреннің ішінен Бас жүлде – көптің көңілінен шыққан Кенжебекұлы Ерсіннің (№47 мектеп) еншісіне бұйырды. I орынды - Досжанова Рысгүл (№21 мектеп) иеленді. II орынды – Өмірбаев Райымбек (Шәкәрім ат. үш тілде оқытатын мектеп) пен Құрманғалиев Ернұрлар (№42 мектеп) қанжығалады. III орынды – үшеу - Жолдыбалин Мирас (Ш. Уәлиханов ат. «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицейі), Жакина Гүлім (№22 мектеп), Шакенов Арналар (№25 мектеп) бөлісті. Қалған жас ақындарға ынталандыру марапаты бұйырды.

Н. Сарбасова, М. Байболова, Б. Бақытовалар барша қауымның көңілін көтерерлік тамаша әндерін тару еткен өнерпаздар болды.
Сөз асылын саптайтын өнер сайысын Қалалық білім бөлімі және «Халықтық» ақындар орталығы ұйымдастырды. Айтыстың басты мақсаты – қазақтың төл өнерін дәріптеу, ізбасар жас ақындарды тәрбиелеу, оларға жол ашу.

Жалпы саны 13 ақын қатысып, 7 жұп жұпталды. Мектеп оқушыларының арасындағы доданың деңгейі асқақтап кетпесе де, тәубе дерлік! Елбасы Жолдауы жас өрендердің көзімен қарағанда едәуірде айтылды. Көпшіліктің көкейінен шыққан ойлар болды. «Көш жүре түзеледі» дейді.

Медет Демежан
сурет автордікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив