KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 2 м/с, З
478.16 534.92 5.18

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық арта түседі

26.01.2014, 18:00 176



Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асырудың аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен республикалық қоғамдық қабылдау өтіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық мәселесі кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Селекторлық режимде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла-маларды үйлестіру басқармасының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

– Елімізде 600 мыңнан астам мүгедек жандар тіркелсе, олардың басым бөлігі, яғни, 400 мыңға жуығы еңбек етуге қабілетті. Алайда, солардың ішінде 51 мың адам немесе 12,4 пайызы ғана тұрақты жұмыс істейді. Жыл өткен сайын еліміздегі тұрғындардың әл-ауқат деңгейі артып келеді. Кәсіпкерлік қанат жайып, қоғамның тұрақтылығы беки түсуде. Енді мүгедек жандарға осы бағытта ерекше назар аударған абзал, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек.

Қазақстан да мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қол қойған.

Кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген. «Кедергісіз болашақ» акциясы бастау алған. Мүгедек жандарды еңбекке орналастыру, мемлекеттік қызметті пайдалануда, түрлі анықтамалар алуда жеңілдіктер көрсету, оларды белсенді түрде бизнеске тартуда өзара бірлескен қадамдар жасаудың алғы шарттары қолға алынған.

– Өкінішке қарай, қазіргі кезде қоғамдық транспорт жүйесінің 80 пайызға жуығы кембағал жандар үшін қолжетімді бола алмауда. Мекемелерде пандустардың, арнайы жарақтандырылған автобустардың, аялдамалардың жеткілікті болуы үшін жұмыстар атқару керек. Келесі айдың соңына дейін осы жандарға қолжетімді инфрақұрылымның нақты жағдайын, сонымен бірге, еліміздегі жұмыс істеп жүрген мүгедек жандардың нақты санын айқындап алуымыз қажет,– деді ол.

Сонымен қатар, оларға арнап инклюзивті білім беруді дамыту, олардың түрлі мәселелерін шешуге арналған құқықтық қамтамасыз ету жүйесін құрылымдау жайы да кеңінен әңгіме арқауына айналды. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова егер жұмыс беруші мүгедек адамды жұмыспен қамтитын болса, оның жалақысының 35 пайызын мемлекет төлеп беретіндігін жеткізді.

Алдағы наурыз айында еліміздегі жетекші партияның құрылғанына 15 жыл толмақ. Мүгедек жандарды қоғам назарынан тыс қалдырмауға, қолдауға, аймақтағы мүгедек жандарды тұрақты жұмыспен қамтуға қатысты нақты атқарылған шаруалардың есебі де сол кезде жасалатын болады.

Қоғамдық қабылдау барысында оған қатысушылар байқаулар мен сыйлықтарды бөлу мәселесіне өзгерістер енгізуге қатысты да өз ойларын білдірді. Мәселен, алдағы уақытта ең үздік әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпорын өзінде жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың саны бойынша анықталмақ. Бұдан бөлек, енді кемтар жандар қажетті құжаттарды алу үшін 1414 қызметі арқылы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерін үйлеріне шақырта алады.

Дәурен Аллабергенұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив