KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
484.37 531.06 5.05

Бағалы балық түрлері өсіріледі Бесқарағайда

23.01.2014, 18:00 212



Бесқарағай ауданында бірнеше инновациялық жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде Старая Крепость ауылындағы бағалы балық түрлерін өсіруге бағытталған көпсалалы тоған шаруашылығы, Стеклянка ауылындағы сүт өңдеу цехын ашқан «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы, Жыланды ауылында қалдықтарды кәдеге асыруға қабілетті биоотын өндірісіне арналған «Эко-Отын» ЖШС, Бірлік ауылындағы мал және көкөніс өсірумен шұғылданатын «Балке» шаруа қожалығы, тамшылатып суару жүйесі арқылы көкөніс өсіретін «Лана-2» шаруа қожалығы және демалыс, туризм бағытындағы «Екі дос» спорттық-сауықтыру кешені бар, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ауылдың көкөніс өсірушілері тамшылатып суару технологиясы арқылы 17 мың тонна көкөніс өсіріп, Семей қаласын көкөніспен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосуда. Ауданға арнайы іссапармен келген ШҚ басшысы Бердібек Сапарбаев мектеп ішінде орын тепкен шағын орталық қызметімен, сондай-ақ, аудандық балалар шығармашылығы үйінің глуховкалық бөлімшесі – «Умелые руки» үйірмесінің шеберлері жасаған қуыршақтармен, қолөнер бұйымдарымен танысты.

Бағалы балық түрлері  өсіріледі Бесқарағайда


Облыс басшысы Глуховка ауылдық округінің әкімі Әсемхан Ысқақовтың есептік кездесуіне қатысты.
Ә.Ысқақовтың баяндауынша, өткен жылы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар толығымен жүзеге асырылды. Мәселен, Белокаменка, Глуховка және Жыланды ауылдарында жол жөндеу, көшені жарықтандыру, жабайы иттерді ұстау бойынша жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ, былтыр жергілікті тұрғындар жайылымдық жердің азаюын жеткізген еді. Бүгінде тендер және мемлекеттік қор арқылы ғана жер телімі беріледі. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы 6 тұрғын 18 млн. теңгеге жуық шағын несие алған. Ауылда барлығы 114 шаруа қожалығы тіркелген. Егін танаптары ұлғайып, көкөніс өсірушілер өткен жылы алғаш рет қомақты субсидияға ие болды. Бірнеше жыл бойы мал басының саны тұрақты өсіп келеді. Шаруа қожалықтары Астана, Өскемен, Семей қалалары және Бесқарағай ауылында өткен жәрмеңкелерде өз өнімдерін саудалады.

Есептік кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді бөлісуге мүмкіндік алды.
– Бесқарағай – мал шаруашылығы өркендеген, жүзден астам шаруашылығы бар аудан. Алайда, көпшілігінің жемшөп базасы жоқ. Сондықтан, еліміздің азық-түлік белдеуін дамытуға қажетті кірістің едәуір бөлігін жоғалтамыз. Глуховка ауылдық округі – көкөніс және сүт өндіру бағытындағы азық-түлік белдеуінде орналасқан. Бұл міндетті ауылымыз орындап отыр. Мәселен, «Балке» шаруашылығы 15 жыл бойы сүт өндірумен айналысады. Қазір шаруашылық иелеріне несие, субсидия және жеңілдіктер берілуде. Біз бұл қолдауды жақсы сезініп отырмыз. Келешекте аграрлық секторда өңдеу кәсіпорындары көбейеді. Яғни, шаруашылық өкілдері үшін ұзақмерзімді несиелендіру және делдалсыз нарыққа шығуға қолдау керек. Агроөнеркәсіп – біз үшін дәстүрлі сала. Елбасы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс өсетінін айтты. Шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұлғайтуға жұмыс істеуі, жаңа технологиялар енгізуі керек. Бұл орайда біз шаруашылыққа 120 ірі қараға арналған германдық сүт құрылғысын енгіздік, – деді «Балке» шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашев.

«Стелла» шаруа қожалығының жетекшісі Николай Косяков Семейге жақын орналасқан глуховкалық көкөніс өсірушілердің тамшылатып суару әдісіне қызығушылық танытып отырғанын, қазіргі кезде 200 гектар жер тамшылатып суару әдісіне көшкенін атап өтті. Бұл – өнім түсімінің ұлғаюына да жол ашады. Облыс басшысы кәсіпкерден көкөніс сақтау қоймасының әлеуетін сұрады. Н.Косяковтың айтуынша, шаруашылық қоймасында 1,5 мың тонна картоп және орам-жапырақ сақталған. Аталған өнім Семей қаласына және тендер арқылы мектеп-интернаттар мен балабақшаларға таратылады.

Аймақ басшысы кейінгі кезде өңірдегі түсті металға сұраныс аз болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің жоғары екендігін, сондықтан жерді тиімді пайдалану керектігін, бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне алынатындығын атап өтті.

– Семей қаласының жанындағы елді мекен болғандықтан, қала халқын көкөніспен қамтамасыз етесіздер. Семейде бесқарағайлық кәсіпкерлер үшін базар немесе сауда қатары ашылуы керек. Бұл мәселені аудан және қала әкімдері бірлесіп шешетін болады. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға жол ашылады, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы биыл Глуховка орта мектебінің жөндеуден өтетінін жеткізді. Десе де, ҰБТ бойынша көрсеткіші орта есеппен 58 баллдан аспаған, 2006 жылдан бері бірде-бір алтын белгі иегері шықпаған мектептің ұжымына білім сапасының төмендігі туралы сын айтып, оқушылардың сабақ үлгерімін жақсарту, оқулықтан өзге ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалану, «Tulek.kz» сайты арқылы жоғары жетістікке жеткен түлектердің еңбек жолын өнеге тұту туралы атап өтті.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Несіпқали Жұматаев ауыл жастарының басын қосатын Мәдениет үйі мен спорт кешенінің жоқтығын, осы мәселені тиімді шешу мүмкіндігін сұрады.

– Бұл жөнінде аудан әкіміне тапсырма берілген. Ауылда Мәдениет үйін салуға экономикалық әлеуетіміз жетеді. Бірақ ауыл әкімі алдымен бұрынғы ғимараттың меншік иесімен сөйлесуі, ғимаратты қайтарып алуы керек. Ғимараттың пайдалануға жарамдылығын тексерген соң, ауыл әкімшілігі, полиция, басқа да қызмет түрі шоғырлануы қажет. Биыл ауданда екі мектеп салынып жатыр. Егер екі мектепті бітірсек, Жыланды ауылына қажетті спорт ғимаратының жобалық-сметалық құжаттарын жасау керек. Мүмкін, спорт залынан гөрі жаңа мектеп салу керек шығар. Егер жаңа мектеп салынса, онда спорт залы да, мәжіліс залы да болады. Мәселені шешу жолдарын қарастырамыз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ауданның жұмыспен қамту орталығына «Жұмыспен қамту – 2020» сынды мемлекеттік бағдарла-малардың тиімді тұстарын жеткізу, шағын несие ұйымдарын ашу арқылы өз кәсібін дамытуға бағдар беру сияқты халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма жүктеді.

Думан Анаш
суреттерді түсірген:Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив