Шығыс Қазақстан облысы әкімі облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Атақты металлург А.Күленовке қойылар ескерткіштің тұғыры орнатылатын жерді көріп, абаттандыру жұмыстарының сапалы және мерзімінде аяқталуын қатаң тапсырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Металлургтердің мәдениет сарайын күрделі жөндеуден өткізуге «Энерготоргсервис» ЖШС осы жылдың сәуір айында кірісіпті, барлық жұмыс бірінші желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс. Ғимаратқа бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен жұмыс ауқымы өте үлкен. Соған қарамастан серіктестік бөлінген 550 миллион теңгенің 167 миллионын игеріп үлгерген.
Сарайдың іші-сыртын көріп шыққан Бердібек Сапарбаев құрылысшылармен әңгімелесіп, оларға мүмкіндігінше жұмысты жылдам әрі сапалы орындауды тапсырды.