KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Шығыс Қазақстанда апатты жағдайдағы 61 мектеп бар

7.08.2013, 18:00 170


Шығыс Қазақстан облысы апатты жағдайда тұрған мектептер саны жағынан елімізде алдыңғы орында келеді. Сондықтан оқушылар кейбір мектептерде (Семей қаласы, Зайсан ауданы) үш ауысым бойынша оқып жатыр. Бұл жөнінде кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен ағымдағы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылаған жиында білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Садықова мәлім етті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– 2009 – 2010 жылдары өңірімізде апатты жағдайдағы мектеп мүлдем жоқ болатын. 2011 жылы өзіміз тапсырма беріп, өңірлердегі мектептердің ахуалымен танысу арқылы жаңа мектептердің құрылысын бастадық. 2011 жылы апатты мектептер саны 27 еді. Өткен жылы 43 болды. Биыл оның қатары 61 мектепке жетті. Мұның бәрі қайдан пайда болды? Апатты жағдайда тұрғанын қандай орган анықтайды? Үш жылдың ішінде мектептердің жағдайы өзгеріп кетті дегенге кім сенеді? – деп облыс басшысы сауалды төтесінен қойды.

Айжан Садықова түсіндіргендей, инструментальды тексеру лицензиясына ие мамандандырылған мекемелердің қорытындысы негізінде ғимараттың техникалық жағдайы анықталады. Осы құжат бойынша апатты мектептердің жағдайын көру мақсатында былтыр төтенше жағдайлар, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары өкілдері енген комиссия 58 мектепке тексеру жүргізген.

– Өткен жылы Шемонайха ауданындағы қазақ мектебі апатты жағдайда тұрғанына көзіміз анық жетті. Өйткені, жағдайды жіті саралау үшін комиссия құрылды, Астана мен Алматыдан келген комиссиялар оның қорытындысын растады. Міне, мәселені осылай қарау қажет. Күршім ауданында апатты мектеп орнына жаңа ғимарат салыну мәселесі көтерілгенде, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өкілдері жағдайды өз көздерімен көріп қайтты. Нәтижесінде, жақсылап жөндеу жұмысын жүргізу қажеттілігі белгілі болды, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы мектептерді оңтайландыруды жүзеге асыру қажеттілігін атап көрсетті. Өйткені, Өскемен мен Риддердегі көптеген мектептер 50 пайызға ғана жұмыс істейді. Сондықтан, облыста үш ауысым бойынша оқытатын мектептер бар екеніне сену де қиын. Бұл жағдайда 18 сағат жұмыс күнін белгілеуге тура келеді. Оған уақыт жетсе де, физикалық төзімділік жете бермесі анық. Сыныптың оқушыларға толымдылығы жағынан да шығыс өңірі соңғы орынға ие. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі жаңа мектептер құрылысын жүргізуге қаражат бөлмей отыр.

– Егер халық жыл санап өсіп келе жатқан Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл облысында осы мәселе туындаса, түсінер едім. Бізде мектепке баратын балалардың өсімі бар жоғы 2-3 пайызды құрайды, – деді облыс Әкімі.
20 оқушыға барлық пән бойынша бір мұғалім сабақ берсе, білім сапасы туралы қандай әңгіме айтуға болады?! Сондықтан шағын елді мекендердегі мектептерді жауып, балаларды мектеп-интернаттарға орналастыру жағын қарастыру қажеттілігі де сөз болды.


Думан Анаш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив