KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
483.23 534.74 5.12

Саржал ауылы күніне 4 тонна қымыз өндіреді

29.07.2013, 18:00 255


Саржалдың даңқы сары қымызымен әйгілі. Әрісі Астана мен Алматы, берісі Семей мен Өскеменге дейін жетіп жатқан балдай қымызының арқасында бақуатты тұрмыс кешіп отырған ауыл соңғы жылдары түрленіп сала берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

ШҚО Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолдауымен Абай ауданындағы үш тірек ауылдың сапына енген Саржалда атқарылып жатқан жұмыс, қайнаған еңбек қазақтың қай елді мекеніне болсын, үлгі етуге тұрарлық.

Семей шаһарынан 143 шақырым қашық-тықта орналасқан алыс ауылдардың бірі болса-дағы, дәулетіне сәулеті қосылған елді-мекеннің тұрғындары іңір қараңғысынан оянады. Түн баласында ұйқы көрмей, ер жас-танып жүрген жылқышы қосындары тағы бар. Сондықтан, күні-түні дамылсыз еңбек етіп жатқан ауыл тұрғындарына кез келген жұрттың сүйсінбеске әдді жоқ.

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ауыл тұрғындарымен кездесуінде облыс орталығында өтетін «Жақсы тауарлар – сапалы қызмет» жәрмеңкесінде Саржалдың қымызын Ресей мемлекетінен, Астанадан, Павлодардан, Қарағандыдан келген меймандардың ерекше ілтипатпен атап өткенін жеткізген болатын. Жақсы сөз – жанға дәру, қолға қуат. Осы орайда облыс Әкімі ауыл тұрғындарын «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасына да белсене қатысуға шақырған еді.

Саржал ауылдық округінің әкімі Қуат Қалиевтің айтуынша, ауылда жеке тұр-ғындардан бастап шаруа қожалықтарына дейін қамтығанда, барлығы 8 мыңға жуық жылқы өсіріледі. Қазіргі таңда саржалдықтардың 80 пайызы қымыз өндірісімен шұғылданады.

– Біздің ауылымыз бір күнде орта есеппен алғанда 4-5 тонна қымыз өндіреді. Жаз маусымында шөп бітік, жайылым кең болғандықтан мұнша көлемдегі қымызды өндіру аса қиын емес. Тіпті, жекелеген адамдар бір-екі үйірден жылқы ұстап, 10-15 бие байлайды. Олар күніне 70-80 литр қымыз өндіреді. Яғни, сауылатын бие санына байланысты әркім әртүрлі мөлшерде қымыз саудалайды. Қыста бұл көрсеткіш азаяды. Себебі, жылқы тебінге шығарылады. Қысырақтар қолда ұсталады. Оларды қолда көбірек ұстау үшін жемшөп қоры мол болуы қажет. Сондықтан, қыс мерзімінде бір күнде өндіретін қымызымыз шамамен 1,5 тоннаны құрайды, – дейді ауыл әкімі Қуат Барысұлы.

Ауылдағы ең ірі қымыз өндірушілер қатарында Ұлан Ақылбековтің «Сенім» шаруа қожалығын атауға болады. Аталған қожалықта бүгінде 200 басқа жуық жылқы өсіріледі. «Сенім» шаруа қожалығы қымыз өндіруге берілетін субсидияға да қол жеткізіп отыр. Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің айтуына қарағанда, саржалдықтар былтыр айына 800 мың теңге көлемінде субсидия алса, биыл бұл сома 1 млн. 200 мың теңгеге ұлғайған екен. Субсидия қымыздың бір литріне 60 теңгеден берілетінін ескерсек, өндіріс көлемі де артқанын байқауға болады. Мемлекет тарапынан жасалатын көмекке «Бек», «Құрмет» шаруа қожалықтары да ие болған. Бұл қос шаруашылық бірігіп, қымыз цехының жұмысын ілгері бастыруға құлшына ден қойыпты. Саржал ауылында бұдан бірнеше жыл бұрын қымыз цехы құрылғаны мәлім. Арайлым Байдүйсенова жетекшілік ететін «Құрмет» шаруа қожалығы мен Еділ Жақияновтың «Бек» шаруа қожалығы аталған цехтың жұмысын тоқтатпай, жыл өткен са-йын дамытып келеді. Олар қымызды арнайы құтыға құйып, Астана, Алматы, Қарағанды, Семей және Өскемен қалаларындағы дүкендерге жібереді.

Әр қымыз өндірушінің бақташысы, са-уыншысы, күбі пісушісі бар. Сондықтан, ауыл тұрғындары өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр деуге болады. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында да қымыз өндіру мақсатында несие алған азаматтар баршылық.

Аудан орталығы Қарауыл мен өңірдің ірі қалалары Семей және Өскеменнен қашық әрі түкпірде орналасқан Саржал ауылының өндірген қымызы қалай тасымалданады деген сауал тууы заңды. Алайда, қымызшылар бұл мәселенің орайын келтірген. Күнделікті жүретін автобус бағыттары арқылы және такси жүргізушілерімен өзара келісімге сәйкес құтыға құйылған қымыз сұраныс түскен қалаларға үздіксіз жөнелтіледі.

Думан Анаш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив