KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1 м/с, ОШ
443.44 480.51 4.88

Жетім балаларды баспанамен қамту ШҚО-да қарқын алып келеді

21.07.2013, 18:00 180


ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған тың дүниенің бірі – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету. Бұл мәселе нақты кешенді бағдарлама шеңберінде жүзеге асып келеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының берген деректеріне қарағанда, бүгінгі күні жетім балалар мен қамқорлықсыз қалған 1181 бала тәрбиеленуде. Қазір олардың 960-ы меншік үймен қамтылған жоқ. Дегенмен, аймақтағы кәсіпорындардың патронаттық тәрбиесіне алынып отырған балалар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Олардың «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіндегі» жеке есепшоттарына 64 миллион теңге аударылған.

Балалардың тағы біразы (нақтылай айт-қанда, 868-і) белгілі бір отбасыларында өсіп келеді, олардың 140-ының әке-шешелерінен мұрагерлікке қалған үйлері бар көрінеді.

– Көзі жасты, көкірегі шерлі балалар үшін тағы бір жасалған игіліктің негізгісі – «Мейірім» акциясы деуге толық негіз бар. Осынау акция барысында облыстың 18 аудан-қалаларында өткен шаралар кезінде 728 жетім бала белгілі бір кәсіпорындардың патронаттық тәрбиесіне бекітілді. Оларда аталған кәсіпорындар «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» арқылы балалар-дың жеке есепшоттарына 11 миллион теңге аударды, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Садықова. – Жалпы, «Мейірім» акциясының қорытындысында өткен жыл мен үстіміздегі жылдың төрт айында 1688 жетім баланы 1599 мекеме патронаттық тәрбиеге алды, 15 жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға жеті пәтер кілті табысталды.

Айжан Ерханқызының дерегіне қарағанда, «Мейірімнің» биыл да шапағаты мол болатын сияқты. Оның аясында аудандар мен қалалардың әкімдіктері осы санаттағы балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жоғары оқу орындары мен колледждердің ауылды жерлерде жұмыс істеуге ниетті түлектері үшін 16 пәтер бермек екен. Ал нақты деректерге келсек, үстіміздегі жылдың сәуір айында Көкпектідегі балалар үйінің бітірушісі А.Шалупенкоға мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір бөлмелі пәтер берілсе, Семейдегі №8 балалар үйінде тәрбие алған соң Риддердегі аграрлық-техникалық колледжді былтыр бітіріп, Бесқарағай өңірінің Жыланды орманшылығына жұмысқа келген С.Годеневке жөнделіп, пайдалануға берілген 16 пәтерлі үйден пәтер берілді. Сонымен қатар, ШҚМУ-дың информатика бөлімін бітірген Асан Айдархановқа Күршім ауданының әкімдігі, ағалы-інілі Анастасия мен Қайрат Гимазовтарға Тарбағатай ауданы 2012 жылы тұрғын үй бөлсе, биыл Бұлбұл Ахметқалиеваға Ақжар ауылынан пәтер берген көрінеді.

Бұл игілікті іске аудандармен қатар, кәсіпорындар да атсалысып келеді. Мәселен, «Арматура зауыты» акционерлік қоғамы қала сыртында орналасқан жеткіншектер үйіндегі бес мектеп бітірушінің әрқайсысының есепшотына тұрғын үй сатып алу үшін 1,5 миллион теңгеден аударды. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде оларға арналып үш пәтер алынып отыр. Сонымен қатар, меценаттармен жасалған келісімшартқа байланысты Аягөз ауданында екі пәтерлі, ал Шүлбі кентінде бір үйдің құрылысы басталмақ.

Ағымдағы жылдың жазғы мезгілінде 13 бала өз демалыстарын патронаттық тәрбиеге алған кәсіпорындардағы қызметкерлердің отбасында өткізуде. Ал Курчатов қалалық білім бөлімі Шүлбі кентіндегі балалар үйінің 39 тәрбиеленушісін осы, шілде айында жазғы лагерьге аттандырды. Үнемі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасап келе жатқан «Қазцинк» акционерлік қоғамы бұл жолы да бірсыпыра баланың қала маңындағы көркем жерде орналасқан З.Космодемьянская атындағы лагерьде тынығуына мүмкіндік жасап отыр.

Ғафура Сәрсенбайқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив