KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 4 м/с, З
480.11 532.25 5.14

Күршім ауданының мәдени күні көпшіліктің көңілінен шықты

30.06.2013, 18:00 361


Облыс орталығында өткен Күршім ауданының мәдени күніне халық әдеттегідей көп жиналды. Жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Жақсылық Омар қатысып, сөредегі азық-түлік бағаларымен танысты, аудандық этнографиялық музей мен білім беру бөлімі ұйымдастырған балалар қолөнері шығармашылығын көріп, көркемөнерпаздар концертін тамашалады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Күршімдіктер базарға – 4760 келі сиыр еті, 3865 келі қой еті, 1700 келі балық, 500 келі бал, сары май, кілегей, ірімшік сияқты сүт өнімдері мен нан өнімдерін молынан әкеліпті.

Күршім ауданының мәдени күні көпшіліктің көңілінен шықтыАқбұлақ ауылдық округінің қазы-қартасы, Құйған ауылдық округінің балық өнімдері, «Жігер» шаруа қожалығының қиярлары пышақ үстінен үлестіріліп жатты. Базаршылап келген халық қазы-қартаны 1500, сиыр мен қой етін 1000-1100, сары майды 1200, балды 800, сазан мен көксеркенің келісін 500 теңгеден алып жатты.

– Барлық ауылдық округтеріміз жәрмеңкеге белсенді қатысты. Аудандық мекемелер мен бөлімдер үш қазан көтеріп, палау пісірді, ұлттық тағамдардан дастарқан жасады, қайырымдылық шарасы аясында 500-дей қала тұрғындары тегін тамақтан ауыз тиді. Екі салмақта гір көтеруден, арқан тартудан жарыс ұйымдастырылып, Күршім мәдениет үйінің әртістері концерт қойып жатыр, – деді аудан әкімі Алтайбек Сейітов.

Жәрмеңкеге аудан әкімінің шақыруымен арнайы келген Күршім, Зайсан аудан-дарының Құрметті азаматы, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, өңірімізде басшылық қызметтерде болған Кенжебек Укин: – Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл қомақты шаруа көрінеді. Халық игілігі үшін өткізіліп жатқан құптарлық шара екенін көріп отырмын. Қостанайда да жәрмеңке өтеді, бірақ сіздердікіндей ауқымды емес. Жәрмеңкемен қоса қайырымдылық шаралары, ұлттық ойындар, көркемөнерпаздар концерті қатарласып өтіп жатыр. Күршім ауданы да көркейген, мектептер салынуда, көшелер мен жолдар жөнделіп, шаруа қожалықтарының ісі өрге домалап тұр. Осының бәрі өңірлердің болашағын ойлайтын басшылардың еңбегінің арқасы, – дейді.

Күршімдіктердің концерті де көпшілік көңілінен шығып, әуелей ән салған Әділ Тұрғанбаев, Есен Мәженов, Сандуғаш Тоқтарова, Шәкерхан Тойбаевқа көрермен қошемет көрсетті.

Эльмира Тайырқызы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив