KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
450.79 482.21 5.05

Медицина қызметкерлері спортқа да бейім

13.06.2013, 18:00 85


Өскемендегі Комсомол аралында облыстық денсаулық сақтау мен денешынықтыру және спорт басқармаларының ұйымдастыруымен қалалық медицина қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл спартакиаданың басты мақсаты спортты насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ, ақ желеңді абзал жандарға мерекелік көңіл күй сыйлау еді. Спартакиадаға қаладағы 16 емдеу-алдын алу ұйымдарынан 200-дей медицина қызметкерлері қатысып, белсенділік танытты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Овсянников дәстүрлі спартакиаданы салтанатты
түрде ашса, спартакиаданың бас төрешісі, жоғары санатты ұлттық төреші Александр Кругликов қатысушыларға бес түрлі спорт түрінен жарысатындықтарын жеткізді.

Бірнеше сағатқа созылған жарыс нәтижесін Ресей жинақтау банкі директорының орынбасары Қ.Нұрғалиев жариялап, барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етті.

Сонымен командалық есеп бойынша I орынның жүлдесін қанжығаларына байлаған «Ана мен бала орталығының» командасы демеушілер ұсынған плазмалық теледидарға ие болды. Ал одан кейінгі орынға
жедел жәрдем ауруханасының ұжымы шықса, облыстық онкологиялық диспансер ұжымының командасы
III орыннан көрінді.

Осынау спартакиадада спорттың бес түрі бойынша сайысқан қатысушылар арасынан үздік шығып, командаларын алға сүйреген спортшыларды атар болсақ, арқан тарту бойынша «Ана мен бала орталығының» командасы I орынды иеленіп, қол күресте А.Плажын мен И.Ақылбекова білекті екендіктерін көрсетті. Ал салмақ ерекшеліктеріне қарай өткен гір көтеру жарысында А.Әлімжанов, А.Усабаев, С.Қизатуллин мықтылықтарын мойындатса, 100 метрге жүгіргендер арасынан Т.Повлицкая мен А.Насимов қарсыластарына шаң қаптырды. Кіші футболдан ерлер арасында өткен сайыста жедел жәрдем ауруханасының командасы алға шық-ты, сондай-ақ, футболшылар арасынан ерекше көзге түскен ойыншыларға «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» атақтары берілді.

Емгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңындағы спартакиада жоғары дәрежеде өтіп, жарыс соңы медицина қызметкерлерінің мерекелік концертіне ұласты.

Айжан Тоқтасынқызы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив