KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1,4 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

Орыс мәдениетінің інжу-маржандары «Беловодье» фестивалінде паш етілді

4.06.2013, 18:00 125


Өскеменде «Беловодье» атты орыс фольклорының дәстүрлі халықаралық ХІ фестивалі болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дәстүрлі фестивальге ерекше мән беріп отырғандықтан, бұл жолғы шараның ауқымы өте кең болды. Фестиваль Өскемен қаласындағы этноауылда салтанатты түрде өзінің шымылдығын түрді. Қонақжай Шығыс жерінде өткен осынау шараға облыстың аудандары мен қалаларынан және Алматы қаласынан басқа, Ресейдің Алтай аймағы, Горноалтайск, Кемеров, Новосібір және Воронеж секілді өңірлерінен барлығы 22 фольклорлық ансамбль қатысты. Орыс мәдениетінің інжу-маржандарын жинаған осынау өнер ұжымдары бір-бірінің бай тәжірибесінен үйренді, пікір алмасты. Жалпы, осындай шаралардың мәдени мұраны насихаттауда маңызының зор екендіктеріне қатысушылардың тағы бір мәрте көзі жетті. Ал фестивальді тамашалауға жиналған қауым ескі, көне мәнерде шырқалған әндерді тыңдап, бір жасап қалды.

Бағдарлама одан әрі Республика алаңында, Достық стелласының жанында, облыстық өнер мұражайында жалғасын тапты. Сонымен қатар, мұнан басқа «Жастар» саябағында дәстүрлі ойындар мен хордан шеберлік кластары өткізілді.

Мерекелік шараны қорытындылаған салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев қатысты. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Ресей сынды мемлекеттердің шекаралық аймағындағы ынтымақтастық қарым-қатынастарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімінің атынан шығармашылық ұжымдарды құттықтап, гүл толы кәрзеңкені тарту етті.

Аталған фестиваль шығармашылық ұжымдарды дипломдармен марапаттау рәсімімен аяқталды. Ресейден келген қонақтар осынау шараға қатысқандарына шексіз ризашылықтарын жеткізді. Енді олар алда болатын кезекті фестивальді асыға күтетін болады. Мұндай фестиваль бар кезде, жұртшылықтың жүрегінде халық әндері де жасай беретін болады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив