KZ
Өскемен
+14°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, В
442.05 474.14 4.74

ҰБТ-ның алғашқы күні облыстың 34 түлегі Алтын белгіге лайық екендерін дәлелдеп шықты

3.06.2013, 18:00 129


Бүкіл еліміздегідей, Шығыс Қазақстан облысы мектептерінің биылғы жылғы түлектерінің алғашқы легі 3-маусым күні ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырды. Ол өңіріміздегі 14 ҰБТ орталықтарында өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

"Үстіміздегі оқу жылында өңіріміздегі орта білім беретін мектептерді барлығы 11234 түлек бітірді. Ал ҰБТ-ның алғашқы күнінде облысымыз бойынша олардың 3783-і (2270 түлек қазақ, 1513 түлек орыс тілінде тапсырды) тестілеу сынағына қатысты. Тестілеудің алғашқы күнгі нәтижеге келер болсақ, орташа балл көрсеткіші 70.48 пайыз болып, 34 түлек Алтын белгіге және 6 түлек үздік аттестатқа лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. Облыс бойынша алғашқы күнгі тест барысында ешқандай заңға қайшы келетін оқиғалар мен тәртіп бұзушылық орын алған жоқ", - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Мәдениет Ахметова.

Біз осы сынақтардың өту барысы жайында облыс тұрғындарынан, яғни, ҰБТ тапсырушылардың ата-аналарынан да сұрастырып, білген едік.

Бақыт Бөкебаева, Тарбағатай ауданы, Қарғыба ауылының тұрғыны:
- Менің ойымша, Ақсуат ауылындағы К.Нұрбаев орта мектебінде қалыптасқан дәстүр бойынша өткізілген ұлттық бірыңғай тест сынағы өз дәрежесінде өтті.Бір баса айтатын жәйт, әр мектеп талапкерлерінің ҰБТ өтетін пунктке қауіпсіз және уақтылы жеткізілуі қатаң ұйымдастырылған екен. Сондай-ақ, әр дәрісханада балаларға қажетті жағдайдың барлығы жасалды. Сынақ басталар алдында комиссия төрағасы оқу¬шылар мен ата-аналарға биылғы ҰБТ тапсырудың ерекшеліктерін түсіндірді. Тексеруден ың-шыңсыз өткен балалар одан кейін алдын ала көрсетіліп, белгіленген орындарына жайғасты. Тест уақытында басталып, уақытында бітті. Бізді оның барысында ешқандай кедергілер болмағаны және талапқа сай өткені қуантты.

Бесқарағай ауданының мектептерін бітіруші түлектердің ата-аналары – Ж.Сұлтанова, Қ.Баймолдина, Л.Табылдина, Ж.Сыздықов:
- Біз биылғы ҰБТ-ның ұйымдастырылуы мен өткізілуіне өте риза болдық. Біздің балаларымыз ҰБТ тапсыратын аудиторияларға енгізілген кезде ешқандай да психологиялық қысым жасалған жоқ. Сондай-ақ, сыртта орнатылған экран арқылы біздер балаларымыздың ҰБТ тапсыру барысын көріп тұрдық. Сондықтан да тест тапсыру өте әділ және ашық деңгейде өткеніне көз жеткіздік. Барлығымыз да баламыздың денсаулығы мен сәтті тапсырып шығуына мүдделі болғандықтан, оларға барлық жағдай жасалғаны үшін ризалығымызды білдіреміз.

Майра Әлімжанова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Біз де оқушы болып, емтихан тапсырғанбыз. Бірақ, ол кездегі сынақ тапсыру басқаша еді. Жалпы, талапкерлер үшін қияметтің қыл көпіріндей көрінетін осы сынақ талайдың бағын жандырып, талайдың сағын сындырып кететіні жасырын емес. Біздің бұл күнгі тестілеуден бір байқағанымыз, балалардың көңіл - күйі жаман емес. Өйткені, олар тестілеудің технологиясымен үш рет байқау сынағын өткен кездері әбден танысқан. Онда өздері сынақ тапсыратын дәрісханаларда кезекшінің қатысуымен дәл бүгінгідей технологиямен байқау (пробный) тестін өткізген болатын. Сондықтан да оқушылар бұл күнгі сынаққа кіргенде өз сыныптарына кіргендей сезініп, еш қиналған жоқ. Және біз сынақ өте жайлы және тыныш өткеніне әбден көз жеткіздік.

Жарма ауданы, Бақыршық орта мектебінің түлегі Н.Жанбосынованың анасы:
- Мен ҰБТ басталған уақыттан бастап, оның өту барысын бақылап тұрдым. Ең әуелі айтарым, онда балалар өте сабырлы болса, комиссия мүшелері де ерекше ұстамдылық көрсетті. Ешқандай өрескелдіктер байқалған жоқ. Балаларымыздың сынақты ерекше жайлылықта тапсырғаны біздің де көңілімізді жайландырды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив