KZ
Өскемен
+24°
небольшая облачность жел 2 м/с, СБ
443.44 480.51 4.88

113 жыл өмір кешкен кейуананың бәрі есінде

14.05.2013, 18:00 133


Иә, шынымен де қызық, өте сирек көрініс... Кейуананың жеке куәлігінде туған жылы көрсетілген, 1900-ші жыл. «Сонда шынымен де 113 жыл өмір сүрген бе, бұл мүмкін бе?» дейді ғой кез келген адам. Өмір сүріпті, 113 жыл өмір сүріпті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Сонау патша заманы, ақ пен қызылдың қырғыны, кәмпеске, колхоздастыру, қуғын-сүргін, аштық, соғыс, Сталин, Хрущев, Брежнев замандары, қайта құру, берісі Тәуелсіздік алған 90-шы жылдар, бүгінгі күннің берекелі өмірі - бәрі-бәрі апамыздың көз алдынан кино ленталарындай жылжып өтіп жатыпты.


15-інде тұрмысқа шығыпты


113 жыл өмір кешкен кейуананың бәрі есіндеНұрқия Жақсыбаева әже қазір Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта тұрады, дүниеге де осы жерде келген. Қарияның көз жанары көріп тұр, құлағы дұрыс естімейді, бірақ қаттырақ, жақынырақ айтқан дыбысты түсінеді. Ең бастысы, санасы сайрап тұр. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтіні рас екен. Балаларының қолтығынан аздап демегені болмаса апамыз өздігінен қозғалып, жүре алады. Сұрақтарымызға да еш қиналмай жауап беріп отырды. Есте жоқ ерте замандарда өтіп кеткен жастық шағын, әжеміз көзін жұмып отырып есіне алады.

– Күйеуге бергенде 15-ақ жаста болатынмын, ол кезде қыздарды малға сатады, содан кейін сәбет үкіметі сатқызбайтын қылды ғой. Құмкөлдің Көкен деген азаматына ұзатылдым. Көкеннің Ысқақ деген ауқатты ағасы болды алғашында соның үйінде тұрдық, кейін кәмпеске басталып, қайнағамның бар мал-мүлкі тартып алынып, ортаға салынды. Азамат соғысы дейсің бе, әйтеуір, неше түрлі төңкерістер болып жатты ғой. Біздің жағдайымыз да күрт нашарлады, – дейді әже. Қысқасы, Нұрқия апамыздың жастық шағында жылт етер жылымық болмапты, қазақ даласының басына үйірілген сан саясаттың қою бұлты сол дәуірде өмір сүрген қарапайым халықтың көзін аштырмаған. Өмірінде 15 құрсақ көтерген ананың алғашында балалары бірінен соң бірі шетіней берген...

113 жыл өмір кешкен кейуананың бәрі есіндеАшаршылық жылдарын айтқанда апамыз біраз ойланып отырып қалды. Қартайса да, өткенді еске сақтаған ми қатпарлары, архивтерден сол заманға қажет ақпараттарды ақтарған болуы керек.

– Мен ол кезде отыздан асқан келіншекпін, мал атаулыдан тігерге тұяқ қалмады. Мойынсерікке біріктік, артель болдық, кімнің жұмысын істеп жүргенімізді өзіміз білмейміз, ортақ қазан, ортақ үй деп шулап жүрдік қой қысқасы. Бәрі өкіметтікі, малдан тапқан өнімнің бәрін өткіземіз. Қолдағы артық-ауыс малдың өзін рұқсатсыз союға болмайды. Сөйте-сөйте мал бітіп, адамдар аштан қырыла бастады. Сол бір қыстан тышқақ лақ та қалмады ғой. Малдан басқа азығы жоқ қайран қазағым баудай түсіп, аштан қырылды. Әлгі «қоңыз теріп кеттім» дейтін сөз осыдан қалған болуы керек, бақа-шаян, құрт-құмырсқаның бәрі азық болды ғой. Тұғылға, Зайсан көлінің жағасына лау тартамыз, ол жақтан шабақ-балық әкелеміз, соны талғажау етіп жүріп аштық жылдарын артқа қалдырдық. Есімде қалғаны қалың шидің арасында қырылып жатқан адамдар, – дейді қария.

Қуғын-сүргін жылдарын да есіне түсірді апамыз. «Сыбырласып сөйлестік қой. Ел іші «салпаңқұлақтарға» толып кетті. Жұрт өз көлеңкесінен өзі қорқатын болды. Мен білетін талай жақсы азаматтар «жау» болып шықты емес пе. Итжеккенге кетіп жатты айдалып, көбі келмей қалды ғой...».

«80-90-нан асып кеткен шығар...»


Сосын соғыс жылдары. Оның бәрін сұрап, кәрі әженің мазасын алмадық, өзінің айтуынша, шалы қолына шыққан жарасына байланысты соғысқа жарамай еңбек армиясында болып келген. Трудармия да соғыстан бір кем түспепті. Ең бастысы, Көкен атамыз елге аман-есен тірі оралған. Апамыз шиеттей балалармен тылда тынымсыз еңбек етеді. Аштық жылдарынан кейін барып тоқтай бастаған балаларын ер жеткізу, жұпыны тірлік ары қарай жалғаса береді.
Қазіргінің әйелі масақ теріп, жер жыртпайды. Бір шәугім шәй қайнату үшін иінағашпен өзеннен су әкеліп, отын жинамайды, таңның атысынан кештің батысына дейін егіс даласында тегін жұмыс істемейді. Әйел тауқыметі жеңілдеген. Құдайға шүкір бұл да бір заманның жақсылығы шығар. Алайда бүгінгінің келіншектері бір-екі баламен ғана шектеледі. Неге бұлай? 113-тегі қарт анадан сұрасақ, «Бұл өзін ғана ойлаудың өлшемі ғой» дейді. Бәлкім солай шығар?

«Немере-шөбереңіз қанша?» десек, апамыз: «80-90-нан асып кеткен шығар, соны кім санап, есебін жүргізіпті, әйтеуір бар болсын, аман болсын» деп отыр. Ауыр тұрмыс, аштық жылдары артта қалған соң дүниеге келген жеті баладан қазір бір қауым ұрпақ тарап отыр екен. Әжеміздің қызының өзі 80 жаста. «Шалым өмірден ерте кетіп қалды» дейді Нұрқия әже. Ол кісі дүниеге 1901 жылы келген екен, 1980 жылы өмірден өтіпті, марқұм Көкен атаның өзі 80 жасап кетіпті.

Соңғы бір-екі жылда аздап төсекке таңылып қалғаны болмаса Нұрқия әже Алматыдағы балаларына өз аяғымен барып-келіп жүріпті. Құдай берген денсаулықтың арқасында, апамыз қазірдің өзінде өз шайын өзі құйып ішіп, орнынан тұрып, қозғалып жүре алады. Суретке түсіріп алайық деп сұраған соң, бірнеше қабат шытқа ұқыптап оралған жеке куәлігін матрасының астынан суырып алып, көрсетті. Ұқыптап орап, орнына қайта қойып қойды.

«Айына 45 мың теңге пенсия алып отырмын, тәубе, жағдайымыз жаман емес» дейді ғасыр жасаған әжей ағынан жарыла. Аудан әкімі қарт анаға Ақсуаттың төріндегі жаңа үйлердің бірінен даңғарадай баспана беріпті. Жаңа үйде, бала-шағасының ортасында 113-тен 114-ке аяқ басқан әжемізге, енді қандай сый жасаса да жарасары анық, біз де оған тағы да денсаулық, тағы да ғұмыр тілегіміз келеді.



Дарын Нұрсапаров
Суреттер автордікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив