Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында құстардың тұмауы бойынша эпидемиологиялық және эпизотологиялық жағдай тұрақты; құстар мен адамдар арасында құс тұмауына күдіктілер мен ауру жағдайлары тіркелмеген, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Қытайда құс тұмауының жаңа түрімен алғаш ауырған адам биыл наурыз айының соңында анықталды. Қытайда жаңа вирустың А(Н7N9) құрбандарының саны күн айын өсуде. 2013 жылдың 21-сәуірі бойынша аурудың зертханалық расталған 102 жағдайы тіркелген, оның 20 –ы өлім-жітіммен аяқталды. 70-ке жуық адам ауруханаларда жатыр.
Қытай аумағындағы құстардың тұмауы бойынша жағдайдың ушығуына байланысты және оның әкелінуі мен таралуына жол бермеу мақсатында аурушаңдықты және тұмау мен ЖРВЖ қоздырушыларының айналымын қадағалауды күшейту бойынша шаралар қабылданды. ҚХР келген барлық азаматтарға медицина қызметкерлері термометрия жүргізуде, құс тұмауы вирусын жұқтырған деп күдік тудыратын барлық ауыр науқастарға олардың ҚХР құс тұмауы бойынша қолайсыз аумақтарында болғанын ескере отырып, міндетті зертханалық тексеру жүргізілуде.
Облыс бойынша Ауылшаруашылық және Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен бұйрықтарына сәйкес су қоймаларына, құс фабрикаларына, жеке қора-жайларға, аңшылардың, балықшылардың, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің денсаулық жағдайларына монитонирг жүргізілуде Адамдар мен құстардың ауруға күдікті деп танылған жағдайында алдын-алу және індетке қарсы іс-шаралар өткізіледі. Медициналық қызметкерлермен және санитарлық қызметпен респираторлық аурулардың белгілерімен тұлғалардың жұмысқа баруын болдырмау мақсатында құс фабрикасы қызметкерлерінің арасында ЖРВЖ, ЖРА аурушаңдықтарына мониторинг жүргізілуде. Анықталған жағдайда, науқастар толық сауығып кеткенше жұмыстан сол мезетте шеттетіледі.
Департаменттің жетекші маманы Н.Нетесова әкімдікпен бекітілген іс-шаралар жоспарының негізінде облыста кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.
"Барлық аудандар мен қалаларда науқастар, қатынастағылар анықталған жағдайда оларды ауруханаға жатқызу үшін жұқпалы, провизорлық, обсервациялық госпитальдар мен изоляторлар дайын, ошақтарды жоюға қажетті құралдар мен күштерге есептеулер жасалған. Аса қауіпті және карантиндік жұқпалармен жұмыс режімі бойынша госпитальдарға бекітілген медициналық қызметкерлер дайындалған. Басқа қызметтер мен ведомстваларды тарта отырып, семинарлық, жаттығу сабақтары, көрнекі сабақтар жүргізілуде. 2013 жылы ҚР ДСМ МСЭҚК ШҚО бойынша департаментінің мамандарымен бірлескен көрнекі сабақтар Ұлан, Катонқарағай, Күршім, Зырян аудандары мен Риддер қаласында өткізілді", дейді Нина Нетесова.
Мамандардың сендіруінше, қауіпті вирус термиялық өңдеу кезінде жойылады. Олар халықты дүрлікпеуге, тірі құспен қатынастан қашық болуға, құс еті өнімдерін мұқият дайындауға шақырады.