KZ
Өскемен
+21°
небольшая облачность жел 4 м/с, З
478.96 533.03 5.22

«Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балғындардың бағын жандырады

28.04.2013, 18:00 125


Өскемендегі Металлургтер сарайында VIII республикалық «Жұлдызай» фестивалінің өңірлік іріктеу кезеңі өтті. Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен мүмкіндігі шектеулі 230 оқушы қатысып, ән, би, қолөнер, шахмат сынды өнер түрлерінен сайысқа түсті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Білім және ғылым министрлігі мен «Жұлдызай» қайырымдылық қорының ұйтқы болуымен жыл сайын ұйымдастырылатын осынау өнер додасын жас дарындардың асыға күтетіні рас. Мүмкіндігі шектеулі балаларға бұл фестиваль үлкен үміт отын сыйлайтыны да шындық. Кейде біз өнер жайында әңгіме қозғағанда мүмкіндігі шектеулі балаларды ұмытып кетеміз. Олардың да ән салып, би билейтінін, олардың да қолынан небір өнер туындыларын сомдау келетінін есімізден шығарып аламыз. Міне, «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі сол олқылықтың орнын толтырып отырғанын ерекше атап айтқан жөн.

Бұған дейін еліміздің он екі қаласында іріктеу кезеңдерін өткізген ұйымдастырушылар байқаудың негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі балалардың өнеріне жол ашып, оларды үлкен сахнаға шығару екенін айтады.

«Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балғындардың бағын жандырады"Балалардың барлығы да керемет талантты. Тіпті, оларды фестивальдің екінші турына іріктеп, таңдаудың өзі бізге қиынға соғып жатыр. Мына суреттерге қараңызшы, осынау суреттерді мүмкіндігі шектеулі балалар салды деп кім айтады?! Кейде қол-аяғы бүтін, ақыл-есі сау балалардың өзі мұндай сурет сала алмауы мүмкін", – дейді «Жұлдызай» қайырымдылық фестивалінің режиссері Бақытжан Тәжинов.

Шынында да, Металлургтер сарайының кең залында ұйымдастырылған көрмеге қойылған мүмкіндігі шектеулі балалардың өнер туындыларын нағыз хас шеберлердің еңбегінен айыру қиын екен. Мысалы, Семей қаласындағы көздері нашар көретін балаларға арналған №3 мектептің 3-сынып оқушысы Малика Хузиахметованың қолынан шыққан «Тотықұс» атты сурет көрген жанның көзін қызықтырып-ақ тұр. Осы мектептің 6-сынып оқушысы Аманат Сатмұхамбетовтың да салған суреттерінде өз айтар ойы бар.

«Жұлдызай» фестивалінің мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығын дамытуда үлкен орын алатынын аталған шараның ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Асанбаев та ерекше атап айтты.

«Жұлдызай» фестивалінің екінші қорытынды кезеңі 26 мамырда Астанада өтетін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оған еліміздің барлық аймақтарынан 300-ге тарта өнерпаздар қатысады деп күтілуде.

Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив