Семей мемлекеттік педагогикалық институтының 4-курс студенті Бауыржан Бекбосынов Ташкент қаласында өткен гір көтеру спортынан әлем чемпионатында жүзден жүйрік шығып, алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Гір көтеру спортының әлем чемпионатында Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь, Франция, Италия, Греция, Өзбекстан елдерінің спортшылары күш сынасты.
65 кг салмақ дәрежесінде үлкен шеберлік пен тамаша өнер көрсеткен Бауыржан ақтық сынға шығып, алтын медаль иегері атанды. Ал, күміс пен қола медальдары Өзбек елінің спортшыларының еншісінде кетті.
Сонымен қатар, спортшымыз гір көтеру спортынан әлем чемпионатымен қатар өткен ашық халақаралық турнирда гір көтерудің екі түрінен бірінші орын алды.
Бауыржан Бекбосыновтың гір көтеру спортына деген қызығушылығы он алты жасынан бастап ояныпты. Жоғары деңгейлі, білікті жаттықтырушы Мұхаметжанов Рысқали Жаралқасымұлының тәрбиеленушісі қазіргі таңда гір көтеру спортының қас шебері атанды.
Үлкен жетістікке қол жеткізген спортшымыз гір көтеру спортымен қатар, қол күрестірумен де шұғылданады. Бос уақытында жасөспірімдерді жаттықтырумен айналысатын Бауыржанның тәрбиеленушілері қалалық, облыстық және республикалық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Өзбек елінің «Туркистон» сарайында өткен фестиваль аясында әлемге аты әйгілі бодибилдинг шебері Флекс Уиллер барша спорт сүйер қауымға дәріс оқыды. Дәріске қатысқан Бауыржан өзіне көптеген пайдалы ақпараттар жинағанын айтады.
Анар Қуанғалиева