KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1,4 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

Аймақ басшысы облыстың қауіпті жерлерін шанамен аралап шықты

10.03.2013, 18:00 173


Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев кейбір қауіп төндірген жерлерді басқа көлікпен жету мүмкін болмағандықтан ұйытқып соққан боранға қарамай-ақ моторлы қаршанаға (снегоход) мініп алып, өз көзімен көріп қайтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ең алдымен аймақ басшысы Шемонайха ауданына келіп тоқтады. Мұнда Уба өзені мен Березовка, Шемонайха сынды қаланың ішімен ағып өтетін шағын бұлақтар күн жылына оқыс мінез танытып, жағалауларына жақын жатқан тұрғын үйлерге, басқа нысандарға «шабуыл» жасайды екен. Алайда аудан әкімі Амангелді Тоқтаровтың айтуынша, жергілікті билік пен жауапты орындар қарғын судың ең әуелі адамдарға зардап шектірмеуін басты назарға алған.
Аймақ басшысы облыстың қауіпті жерлерін шанамен аралап шықты
«Қалада топан су жайылатын алты қауіпті аймақ бар. Ол жерлерде 450-ден астам адам тұрады. Бұлардың бәрі тиісті ақпараттармен құлақтандырылған, су баса қалған жағдайда не істейтіндерін, өздері қайда орналасатындарын, малдарды қай жаққа жеткізу керек-тігін біледі. Дей тұрғанмен, бүгін біз қарғын судың қаптауына жол бермеу үшін барымызды салып жатырмыз. Қосымша техникалар мен құтқарушы топтарды жұмылдыруға келісімшарттар жасалған. Әзірге қаржы жағы да жеткілікті» дейді аудан басшысы Амангелді Тоқтаров.
Аймақ басшысы облыстың қауіпті жерлерін шанамен аралап шықты
Сондай-ақ, ол «Қазақмыс» корпорациясының жергілікті бөлімшелерімен келісім жасалып, Ақ тасты қазбасында (карьер) тас-топырақ тәрізді материалдар әзірленіп жатқанын жеткізді. Наурыз келісімен еріген қар суының мөлшері қатаң қадағаланып, күндіз-түні кезекшілік қойылған. Әсіресе, Уба өзені ерекше бақылауда. Күн күрт жылынғанда арнасынан тасып кету мүмкіндігі жоғары орындарды аралап көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз тарапынан дайындық жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпай жалғастыруды, ауа райын алдын ала біліп, дер кезінде тиісті шараларды атқаруды мықтап тапсырды.


Шаруа қожалығы жүктелген міндетті жүз пайызға орындап отыр


Бұдан кейін аймақ басшысы Бородулиха ауданындағы Красный Яр ауылдық округіне ат басын бұрды. Екі ауданның шекаралары түйіскен тұста күре жолдың қардан дұрыс аршылмауынан «Кам-АЗ» жүк көлігінің екеуі көлденеңдеп тұрып қалыпты. Не өздері қозғалмайды, не өзгелерді өткізбейді. Көмекке келген «ОблШығысжол» мекемесінің «К-700» тракторы оқиға орнына он қадам жер қалғанда ол да қарға батып қалыпты. Облыс басшысы жаяулатып жанына келгенде басқару тетігі бұзылған ескі техникамен есі шығып жүрген екі жұмысшы алақандарын жайып, амалдың жоқтығын алға тартты. Бірінің соңынан бірі қаздай тізілген мәшинелердің қатарында сүт өнімдерін Шемонайхаға апара жатқан кәсіпкер бар екен.

Ол тауарының бұлайша ұзақ тұра берсе бұзылып кететінін айтып жаны шығуда. Дей тұрғанмен, Бородулихадан тағы бір «К-700» тракторы келіп үлгергенше «кезекте тұрған» көліктердің адамдары қолдарына күрек алып, жол ашты. Ойда-жоқта ұшырасқан кедергіден әупірімдеп жүріп өтіп Красный Ярға тарттық. Бір көңіл аударарлығы, аталған округке жақындаған сайын күре жолдың үстінде көлденең жатқан қарды көрмедік. Екі мәшине еркін сиятындай кең етіп тазартылған. Сөйтсек, бұл жол телімі мен округтегі екі ауылдың тазалығы «Красный Яр» шаруа қожалығының міндетіне жүктеліпті. Ең қызығы, «ОблШығысжолдай» үлкен бір мекеме жолдарды қардан дұрыс тазалай алмай жатқанда, өзіне артылған тапсырманы тап-тұйнақтай тындырып, ауылдастарының алғысын арқалаған шаруа қожалығының басшысы Сергей Быков осының бәрін алты-ақ техникамен атқарып отырғанын жеткізді. Жолдың жақсы жағдайда екенін көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев енді көктемгі тасқынға дайындықтың барысын сұрап, білді. Және тиісті тапсырмалар берді. Бұл да тегін емес-ті. Өйткені, осыдан үш жыл бұрынғы көктемде Красный Яр тұрғындары топан судың қауіптілігін сезінген болатын. Биыл ондайға жол берілмеуі керек. Сол үшін жоғарыдағы шаруа қожалығының алты тракторы бүгінде тас түйін жөнделіп, тасқынның алдын алуға дайын тұр. Жергілікті мамандардың айтуына қарағанда, қазір Уба өзеніндегі мұздың қалыңдығы алпыс сантиметрден асады, ал жердегі
қардың қалыңдығы жауыннан кейінгі отырғанын есептегенде жарты метрдей.

Семейге келе жатқан жолда аймақ басшысы Жаңа Шүлбі кентіне аялдап, ондағы Веселов бұлағының жай-күйімен танысты. Қыстай жауған қалың қар топанға айналса, үш мың текше метр қарғын су он төрт үйге оңдырмай соққы беруі ықтимал. Қауіпті аймақта шамамен жиырмадай адам тұрып жатыр. Ең қиыны, ол жаққа қыста көлікпен жете алмайсыз. Бірақ бөгеннің жағдайын, су қабылдау шамасын көзімен көруді жөн санаған өңір басшысы көлігінен түсіп қаршанаға мінді де солай қарай тартып отырды. Аралап келгеннен кейін:
«Биылғы қардың қалың жауғанын бә-
ріміз білеміз. Әрбір су көзін қатаң қадағаламаса болмайды. Сол себепті Веселов бұлағын әдейілеп барып көрдім. Мұндай бұлақтар шағын көрінгенімен көктемгі тасқында арнасынан жайылып, жұртты біраз әбігерге салатыны бар. Ендеше, кішкентай арық-бұлақтардың өзін қаперден тыс қалдырмауымыз қажет. Қар еріген уақытта сулардың үлкен-кішісі болмайды» деп атап көрсеткен облыс басшысы Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акуловтың басқа да қауіпті аймақтар жөнінде берген ақпараттарына қанықты.
Оның айтуынша, Переменов ауылының жұрты қардың көбесі сөгіле салысымен-ақ Сародеев дейтін бұлақтың қысқы ұйқыдан оянуын алаңдаушылықпен күтеді екен. Бұл өзі шағын бұлақ саналғанымен көктемде ырық бермей кетеді дейді білетіндер.

Арықтар да «асау мінез» танытуы мүмкін


Семейдегі Затон шағын ауданында Сәтбаев көшесі бар. Осы көшені жеті жерден көлденең қиып өтетін кішкентай ғана арықтар көктем шыға бас көтереді. Кей тұстарда, әсіресе, жол астымен құбыр арқылы ағатын жерлерде қыстай қатқан мұз қалыңдап, судың еркін жүруіне кедергі келтіреді. Ал күн жылынғанда жотадағы қарлар төмен құлағанда әлгі мұздың бетіне қызыл су жайылып, тасып әлек салады. Мінеки, осындай қауіптің алдын алу үшін әлгі мұздарды күшті қысыммен жылы су жіберіп ерітуде. Арықтардың арналарын аршу, көздерін кеңіту жұмыстары жалпы ұзындығы шамамен жиырма бес шақырымдай қашықтықта жүргізіледі.
Бір өкініштісі, сол маңдағы тұрғын үйлердің адамдары арыққа қоқыстарын тастап, су көзінің бітелуіне өздері де «үлес қосып» жатқан сияқты. Бұл жа-
йында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ондай тұрғындарға қатысты қатаң шара қолдануды, тіпті айыппұл салу қажеттігін ескертті.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив