KZ
Өскемен
+10°
небольшой дождь жел 1 м/с, С
441.44 473.09 4.75

Әлемдегі ядролық сынақтардың құрбандары кезекті рет еске алынды

4.03.2013, 18:00 177


Кеше Осло қаласында ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның Төрағасы, Назарбаев орталығының директоры Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация Норвегия үкіметі 4-5 наурыз күндері ұйымдастырған «Ядролық сынақты қолданудың гуманитарлық салдары» атты халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференцияда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу мен әлемде үлкендігі жөнінен төртінші орын алатын ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімінің тарихи мәні мен маңызын атап көрсетті.

Әлемдегі ядролық сынақтардың құрбандары  кезекті рет еске алынды«Әскери-өнеркәсіптік кешен мен кеңестік басшылықтың қатаң қарсылығына қарамастан, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенге дейін-ақ 1991 жылы 29 тамыздағы Жарлығымен Семейдегі әлемнің аса үлкен ядролық полигонын жапты, – деді Қанат Саудабаев конференцияда. – Қазақ елінің еркімен іске асқан осы тарихи фактінің әлемдік өркениет үшін маңызы өте зор. Семейдегі полигонды жапқаннан кейін, Қазақстанның көрсеткен үлгісі мен халықаралық қауымдастықтың белсенді әрекеттерінің арқасында, жер шарындағы қалған полигондардың да – Невада, Жаңа Жер, Лобнор үні өшті. «Ядролық клуб» державалары ядролық сынақтар жүргізуге тыйым салатын және олардың жүргізілуіне мораторий қолданатын құжатқа қосылды».
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев орталығы директоры қатысушыларға Қазақстандағы ядролық сынақтардың гуманитарлық жағдайға, тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық жай-күйлеріне, қоршаған ортаның ахуалына тигізетін тажалды әсері туралы айтып берді.

«Ядролық сынақтардың салдары әлі күнге дейін полигонға жақын тұратын халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп келеді. Олардың 70 пайызға жуығы – сәулеленуге ұшыраған ата-анадан туған екінші және үшінші жапа шегуші ұрпақтар», – деді ол.

«Біздің Конференциямыз әлемдегі ядролық сынақтардың құрбандары туралы кезекті рет еске салып, барлық елдердің үкіметтерін ядролық сынақтардан зардап шеккен аймақтың экологиясын қалпына келтіру, оларды сауықтыру салаларына аса гуманистік белсенділікпен айтарлықтай ат салысуға тағы да қозғау салады деген сенімімді білдіргім келеді», – деп қорытындылады сөзін Қ.Саудабаев.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив