KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

RADIO ALTAY жаңалықтары - 19 сәуір 2012 жыл

18.04.2012, 18:00 166


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Өскемендегі Солжағалау полиция бөліміне пәтерінен 100 мың теңге ақша жоғалғандығы туралы Меновное ауылының тұрғыны, 74 жастағы әйел шағымданды. Оны ұрлаған өзімен бірге тұрып жатқан немересі екені анықталды.

Семейдегі жетім және қараусыз қалған балаларға арналған № 5 қосалқы мектеп-интернатында Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнер мұражайының қызметкерлері «Мәдени сенбілік» акциясын өткізді. Ой өрістері нашар дамыған балалармен еркін қарым-қатынас ұйымдастыру максатында мұражай қызметкерлері туған өлке табиғаты жайлы слайдбағдарламаны, музыканы пайдалана отыра әңгіме жүргізіп, Семей суретшілерінің шығармашылығымен таныстырды.

Маңғыстау облысының орталығы - Ақтау қаласының жедел жәрдем бөлімінің дәрігерлері кезекті толғақ шақыруымен 28-нші ықшам аудандағы көпқабатты үйлердің біріне барады. Дәрігерлер дәретханада босанып отырған жас ананың үстінен түседі. Ақ халатты жандар анасы мен баласын ауруханаға алып кетеді. Дәрігерлер анықтағандай, жас ана Өзбекстаннан Ақтауға келген Қазақстан азаматы екен.

Ұлан ауданы Жанұзақ ауылындағы Шөки Башиков атындағы негізгі мектепте «Мафия мен тақия» атты әзіл–сықақ кеші өте көңілді және қызықты өтті. Ата – аналар түскен қаражатқа мектепке микрафон сыйлады.
Банктерден несие қаржы алудың сан алуан жолдарын қарастырған шығысқазақстадық ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы техникаларының ең өтімді кепіл екеніне көздері жеткендіктен оны банктерге көбірек кепілге қоя бастады. Мәселен, өткен жылы облыста 185 шаруа қожалығы барлығы 700 - ге жуық техниканы кепілдікке қою арқылы қомақты несиеге қол жеткізген.

Өскемендегі Беспалов көшесінде қазылған шұңқыр адам өміріне қауіп төндіріп отыр. Жөндеу жұмыстары кезінде үзілген электр сымдары төнген қауіпті одан сайын күшейтуде. Шұңқырдағы судан шыққан жағымсыз иіс қолқаны жарады. Көпқабатты 5 үйдің тұрғындары 3 ай бойы азап шегуде.



Күндізгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Өскеменнің іргесінен бой көтерген Шығыс ауылы мектебінің қабырғасына көлденеңінен сызат түсіпті. Үстіңгі қабаттан бастап жарылған сызық бірінші қабатқа жеткен. Бұрыштағы қоспалар бір-бірінен ажырап кеткен. Кейбір бөлмелердің қабырғалары қопсып, түлеп жатыр. Оны мектеп құрылысын жүргізген мердігер компания өткенде келіп, жамап- жасқап кетіпті. Бірақ жарылған жердің кішігірім жөндеуге көнгісі келмей-ақ тұр.

Соңғы жылдары тамшылап суару әдісі бойынша жұмыстар кеңінен атқарылып келеді. Бесқарағай ауданында суару бағдарлмамасының жобасы жасалуда. Бүгінгі таңда 4-4,5 мың гектар жерді «Жаңбыр» бағдарламасы арқылы жүзеге асыру қолға алынған. Осыны пайдалана отырып, өсімдік шаруашылығын жан-жақты дамытып, малға арналған азықтың барлық түрін өсіруге болады.

Венгрияда шайбалы хоккейден жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталады. Осы сынға қатысқан елiмiздiң жастар құрамасы төрт кездесуiн де жеңiспен аяқтады. Василий Васильченконың шәкiрттерi Украина, Польша, Австрия, Венгрия хоккейшiлерiн айқын басымдықпен ұтқан болатын. Соңғы ойында олар Беларусь құрамасынан ұтылып, екінші орынды місе тұтты.

Өскемендегі №1 өрт сөндіру бөлімінде «ашық есік күні» өткізілді. Мамандар мектеп оқушыларына Шығыс Қазақстан облысы өрт сөндіру қызметі тарихы жайлы әңгімелеп берді, оқыту фильмдерін көрсетті және тұрмыстағы өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша дәріс өткізді.
Кездесу соңында балаларға өрт сөндіру машиналарына отыруға рұқсат берілді, Ер балалардың көпшілігі өрт сөндіруші болғылары келетіндіктерін жасырмады.

Өскемендегі «Зағиптар мен көзі нашар көретін облыстық арнаулы кітапханада» көз мүгедектері арасында «Мен және менің компьютерім» атты сайыс өтті.
Сайыстың басты мақсаты - көз мүгедектерінің қоғамдық-психологиялық бейімделуден өтуі. Ақпараттарға оңай қол жеткізу арқылы мүгедектердің қоғамдағы қалыптасуын шыңайту.


Танертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

2012-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын іске асыру мақсатында Бесқарағай орталық аудандық емханасына Семей қаласының «Семей өңірлік онкологиялық орталығынан» 6 онколог–дәрігер мамандары келіп өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастыру арқылы обыр ауруының 40 пайызының алдын алуға болады екен.

Семейдегі облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы алаңындағы Қайым Мұхаметханов ескерткіші маңында қала жұртшылығын кітап оқуға тарту, Семей қаласы тұрғындарының демалыс күнгі уақыттарын мәдениетті пайдалануына көмектесу мақсатында «Мәдени сенбілік» шарасының ашылу салтанаты өтті. «Мәдени сенбілік» аясында «Кітапты сыйлыққа ал» акциясы ұйымдастырылды.

Аягөз ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қортындысын шығарған кезде жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздар саны 41 адамға өскендігін көрсетті. Яғни биылғы жылдың сәуір айына дейін 317 адам тіркеуден өткен. Биыл 163 жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Егер болжамалы жұмыс орындары ашылса жұмыссыздар саны азаяры сөзсіз.

Лондон олимпиадасының алтынын алған спортшыға 250 мың доллар сыйақы беріледі. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық отырысынан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасы Талғат Ермегияев мәлім етті.
Сондай-ақ екінші орынға - 150 мың, үшінші орынға - 75 мың, төртінші орынға - 30 мың, бесінші орынға - 10 мың, алтыншы орынға 5 мың АҚШ доллары беріледі.

Күннің жылынуына байланысты Шығыс Қазақстан облысында дала өрттері жағдайлары орын алды.
Облыста жалпы көлемі 174 гектар жерде 4 дала өрті тіркелді, сонымен қатар дала алқаптарының 822 гектар ауданында 42 жану оқиғасы тіркелген. Бесқарағай ауданы Семияр бау-бақша қоғамында шыққан өрт 50 гектар жердегі құрғақ шөпті жойып жіберді. Анықтаушылар тобы қазір өрт себебін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.






Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив