KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 1,6 м/с, В
443.44 480.51 4.88

Үржар өлкесінің тарихын зерттеу қажет

25.08.2012, 18:00 143


Мемлекеттік хатшы Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАМ-МЕД облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге облыстағы жұмыс сапарының үшінші күнінде Үржар ауданына ат басын тіреді. Мемлекеттік хатшы ең әуелі жуықта ғана іске қосылған спорт модуліне келді.

Орталық мешіттің қасында орналасқан тамаша спорт кешені шынымен де көзтартарлық әрі көрікті. Модуль жанынан стандартты футбол алаңы орын теуіпті. Мемлекеттік хатшы мен облыс Әкімі ғимараттың қыр-сырымен таныса келіп, волейбол және футбол ойнап жатқан балалармен әңгімелесті.
Бұдан соң Мемлекеттік хатшы жақында ашылған аудандық өлкетану мұражайына барып, Тарбағатайдан табылған таңбалы тастар бұрышымен және қазақтың байырғы ұлттық қолданбалы өнер туындыларымен жан-жақты танысты.

Мәртебелі мейман өз сөзінде Үржар өлкесінің тарихын әлі де зерттеп, бұл іске С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдарын да тарту керектігін қадап айтты. Ал, суретші Мальцевтің осында тұрған майлы бояумен салынған суретін көрген ол «бұл Третьяков галереясында тұратын жәдігер» деп жоғары бағалады.

Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы мен аймақ басшысы жуықта ғана қолданысқа берілген Қабанбай батыр атындағы спорт кешенінде болды. Спорт кешенімен таныса келе, ондағы күреспен және дзюдомен айналысып жатқан балаларға сәттілік тілеп, олармен бірге суретке түсті. Содан кейін құрметті қонақ былтыр ашылған «Батырлар аллеясымен» танысты.

Келесі нысан – «Болашақ» атты мәдени саябақ. Төрт гектарға созылған саябақ та Мемлекеттік хатшының көңілінен шықты.

– Мына демалыс орны өте жақсы ойластырылып жасалған екен, адамдардың тынығуына, серуендеп, көңіл көтерулеріне қолайлы жағдай туғызылыпты, – деді. Атап өтерлік жәйт, саябақтың бір бұрышында балаларға арнал-ған хауыз бар екен.

Аудандық әкімдіктің үлкен акт залында өткен жұртшылықпен кездесуде Мемлекеттік хатшы жиналғандарды Президентіміздің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласымен таныстыра келе, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.

– Шығыс Қазақстан – менің туған жерім, бұл өңірдің болашағы өте зор. Аудан тұрғындары кенді өлкелерді дағдарыс шарпыса да, бұл өңірге ешқандай қауіп төнбейтінін білулері тиіс. Көкөніс, жеміс-жидек молынан өсіп-өніп жатыр. Осынау Табиғат-ананың берген бай-лығын, құнарлы да майлы топырақты барынша тиімді пайдалану керек. Алакөлдің туристік әлеуетін де міндетті түрде дамытып, қайта түлеткен жөн. Ал қажетті қолдау мемлекет тарапынан көрсетіледі, – деп атап өтті Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД.

Тұрғындар тарапынан «Алматы мен Үржардың арасындағы әуе рейсін ашу жө-нінде көмек бере аласыз ба?» деген сұрақ қойылды.

– Бұл мәселені назарға аламыз, ұшақ қатынасының ашылуына барша өңір тұрғын-дары да мүдделі. Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевке айтып, мәселені мүмкіндігінше шешуге тырысамыз, – деп уәде берді осы ретте Мемлекеттік хатшы.
Содан соң Мемлекеттік хатшы мен облыс Әкімі Науалыда жаңадан ашылған балабақ-шамен танысты.
Мәртебелі мейманның ат басын тіреген келесі жері – Қаратұмадағы 300 орындық мектеп. Жаңа ғимараттың лентасын қиып, ішін аралап көрген Мұхтар Абрарұлы құрылыс сапасына көңілі толатынын айтып, осы іске атсалысқан барша азаматтарға алғысын айтты. Сол жерге жиналған тұрғындармен жүздесті. Облыс Әкімі болса, мектепке «УАЗ» автокөлігін табыс етті.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив