KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 3 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Көптің көңілінен шығып жүр

28.07.2012, 18:00 80


Күршімнің шеткері көшелерінің бірі болып саналғанымен, кеңес кезінде ПМК деп аталған осынау ықшамауданға сабылып келіп жататындардың саны қашанда мол. Оның себебі – осы мүйісте кәсіп қуып, тірлік істеген жанның қай-қайсысы да есігін ашпай кете алмайтын салық басқармасы орналасқан. Ал оған келгендердің көбі көшенің қарсы бетінен орын тепкен «Айболит» деген құлаққа жылы атауы бар дәріханаға да жиі бас сұғады, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Дәріхана меңгерушісі қашан көрсең, жүзінен мейірімді күлкі арылмайтын Гүлмира Бесбаева басы ауырып, балтыры сыздаған жандарды дәрі-дәрмектің түр-түрімен қамтамасыз етумен қатар кім-кім үшін де өте қажетті ксерокөшірме қызметін көрсетіп, сонымен бірге қалта телефонына сөйлесу бірлігін толтырумен де айналысады.

– Бұл қызмет түрлерін көрсетуге жетелеген себеп мынау, – дейді Гүлмира Мәуөшқызы ағынан жарылып. – Салық комитетіне шалғай ауылдардан, Марқа өңірінен келген адамдарға әлдеқандай құжаттардың көшірмесі қажет болып, шыр айнала жүгіріп, ксерокс іздейді. Күршімдегі мекемелер ауылдың әр шалғайында, бірінен-бірі жырақ орналасқандықтан, олардың тығырыққа тірелетін кездері аз емес. Біздің дәріханаға келіп, «Сіздерде ксерокс бар ма?» деп сұрайтындардың көп болуы себепті осы құралды орнатып, өтініш білдірген жандардың сұранысын қанағаттандырып жатқан жайым бар.

Гүлмираның дәріханасынан жанына шипа іздеп келетін үлкенді-кішілі сырқат адамдар, әртүрлі мәселе бойынша ақыл-кеңес сұрайтын жастар арылмайды. Кішіпейіл де көпшіл келіншек олардың барлығымен бірдей жылы сөйлесіп, биязы мінезімен тәнті етеді. Іздегенін тапқан қариялардың қайтуға асықпай, Гүлмирамен ұзағырақ әңгімелескенді жақсы көретіні де содан болса керек. Ал ол болса, қарттардың таусылып бітпейтін сауалдарына сабырмен жауап беріп, әрдайым риза етіп қайтаруды әдетке айналдырған. Сондықтан да бұл дәріханаға келетіндердің қатары мол.

Дәріханадағы жүздеген түрлі дәріні тап басып танып, жаңылмай тауып, ұсынып тұру үшін осы бағытта аса білімді болудың маңызы зор. Ал Гүлмираның зеректігі мен біліктілігі көрген жанды еріксіз тәнті етеді. Ол бар дәрі-дәрмекті қолма-қол ұсына отырып, өзіне келушілердің кез келген тапсырыстарын арнайы дәптерге жазып алып, келесі келгенінде даярлап отырады. Ал сонау 1990 жылы тәмамдаған Өскемен медицина училищесінің фармацевтика факультетінде алған білімі талапты жастың өмірлік азығына айналып отыр. Алдымен Сарыөлеңдегі мемлекеттік дәріханада, одан соң екі жыл облыс орталығында жұмыс істеп, кейіннен жекеменшік «Пуэр» дәріханасында жинақтаған тәжірибесі өзі дәріхана ашқанда кәдеге жарады. Бүгінде ол осы саланың жетік мамандарының бірінен саналады.

– 2003 жылы қолдағы бар малды сатып, басқадай қаражатымызды жинақтап, өз алдымызға дәріхана ашқанда «арты қалай болады?» деп қобалжығаным да рас болатын, – дейді Гүлмира Мәуөшқызы. – Сәтін салғанда, жұмысым жақсы жүріп кетті. Қазір Құйған ауылында тағы бір дәріханамыз жұмыс істеп тұр. Оны ашуға сол кездегі Құйған ауылдық округінің әкімі М.Сұраужанов өтініш айтып, мұрындық болған еді. Алла қаласа, енді бір дәріхана ашпақ ниетім бар. Бұл жоспар да көп ұзамай жүзеге асады деген ойдамын.

Гүлмираның жолдасы Болатбек Сомбаев та іскер азамат. Оның жарының бизнесіне сіңіріп отырған еңбегі зор. Ал екеуінің маңдайға басқан өрендері Өскемендегі Қазақ-Американ еркін университетінің денешынықтыру факультетінде оқитын Ерасыл қазіргі кезде 2-курсты бітіріп отыр. Ол – қазақша күрестен Қазақстанның спорт шебері, алуан түрлі спорт бәсекелерінің жеңімпазы. Жақында өткен дүбірлі сайыс-та «Ауданның түйе балуаны» атағын жеңіп алғаны ата-анасы, тілектес туыс-туғандары үшін үлкен мерей.

Осының барлығы ана жүрегін шаттыққа толтырып, еселі еңбекке құлшындыратыны сөзсіз. Тұрмысына тәубе айтып, барды ұқсата білетін Гүлмирадай іскер жанның бар тілегі – ел тыныштығы, халық денсаулығы, Ерасылы сияқты желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақ атаулының амандығы. «Қалғанының бәрі – өз қолымызда» дейді кәсіпкер келіншек.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив