KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1,4 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

Өскемендегі елімізде теңдесі жоқ жаңа мешіттің ашылатын күні алыс емес

29.05.2012, 18:00 118


Құрылысы бірде баяу, бірде жылдам жалғасқан Өскемендегі Ертістің сол жағалауындағы жаңа мешітке жуықта Шығыс жамағаты жұма намазына жиналатын болады. Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев пен Біріккен Араб Әмірліктері шейхының кеңесшісі және Әбу-Дабидің білім министрі Мұхаммед әл-Бауарди қасиетті үйді аралап, атқарылып жатқан жұмыстың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Біздің облыста салынып жатқан бұл мешітке әзірге елімізде тең келер мешіт жоқ. Көлемі жағынан да, сәулеттік мазмұны жағынан да бұл құрылыс қазір талайдың таңдайын қақтырып-ақ тұр. «Қасиетті бірлік» қорының қаржысына қабырғалары қаланып жатқан жердегі Алла үйінің құрылысына қазірдің өзінде 800 миллионға жуық қаржы жұмсалыпты. 11-ден астам мердігер компания атсалысып жатқан алып құрылысқа шын мәнінде орасан зор еңбек сіңірілуде. Осы құрылысқа жетекшілік жасап жүрген қалалық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюктің айтуынша, мешіт құрылысына жұмсалатын қаржының көлемі 1,5 миллиард теңгені құрайды екен. Аталмыш қор атымтай жомарт азаматтар мен кәсіпкерлердің құйған қаржысымен толығады. Ал ішкі әрлеу жұмыстарына Араб Әмірліктері қайтарымсыз көмек жасап, дәстүрлі дініміздің діңгегін бекемдеуге қол ұшын созбақ.

Араб елінен келген мәртебелі қонақтармен бірге құрылыс алаңында болған облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев мердігерлер мен қала басшылығына мін-детті тапсырмалар жүктей келе:

– Біз ары қарай соза алмаймыз, мешіттің құрылысының аяқталуын барлық жұрт тосып жүр. Қасиетті Рамазан айынан кейінгі Ораза айт мерекесінде имандылық жолына ұйыған жерлестерімізге жаңа мешітті ашып беруіміз керек. Сондықтан жұмысты жылдамдатып, құрылысты уақытында тапсырыңдар, –деді.

Араб Әмірліктерінен арнайы келген мейманды құрылыс барысымен алматылық «Aktom Group» компаниясының директоры Ғазиз Ешкенов таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде барлық қажетті құрылыс материалдары жоспарға сәйкес дайындалған. Мешіт төбесіндегі үлкен күмбездің де жұмысы аяқталуға жақын.

Күмбездің сыртынан кигізілетін металл жабын Ресейде дайындалып жатыр екен, алдағы екі-үш күннің көлемінде қасиетті үйдің көк күмбезі сонадайдан менмұндалап тұрмақ. Жаңа нысанның тыныс-тіршілігімен танысқан Мұхаммед әл-Бауарди мердігерлерден ғимарат қабырғаларының құрылысындағы қиындық тудыратын тұстарын тәптіштеп сұрады. Мердігерлердің айтуынша, мешіт құрылысында ең қиындық тудырып тұрған мәселе – оның көкке мойын созған биік мұнаралары екен. Іші бетон, сырты әдемі кірпіштерден өрілетін күрделі сәулет ғимараты биіктеген сайын, оның құрылысын аса сақтықпен және сапамен жалғастыру қажет. Соған қарамастан мешіттің төрт бұрышындағы төрт күмбез күніне 60 см.-ге көтеріліп келе жатыр. Айтпақшы, мұнаралардың биіктігі – 63 метр, бұл биіктіктің де өзіндік астары мен мән-мағынасы бар. 63 бұл Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірден озған жасын көрсетсе, мұнараның жанындағы бес күмбез мұсылманның бес парызын әйгілеп тұратын көрінеді. Сонымен қатар мешітте дәстүрлі жөн-жоралғылар да атқарылады. Қалалық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асановтың айтуынша, мешітте қатым түсіру, жаназа шығару үшін арнайы 1000 адамға арналған орын қарастырылған. Мешітке келушілердің көліктерін қоятын автотұрақ және діни білім алуға арналған медресе де жоспардан тыс қалмаған.

– Қазір халық қатым түсіру дастарқанына тәтті-дәмді, жеміс-жидектің түр-түрін салып жүр, бұл дұрыс емес. Мұнда тек бір ғана арнайы бекітілген мәзір болады және халыққа қолжетімді түрде ұсынылады, – дейді Нұрлан қажы Асанов. Ер адамдарға және әйелдерге арналған жеке намаз оқу

орны, мүгедектерге арналған жайлылық-тың бәрі ойластырылған. Заманауи та-лаптарға сай келетін бейнебақылау жүйесі мен жоғарғы қабаттарға жылдам жеткізетін жүйткіген лифттер ғимарат жоспарының ішіне еніпті. Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаевтың айтуынша, бүгінде мешіттегі су және жылу мәселелері толығымен шешілген. Сыртқы жұмыстар да өз мәресіне таяп тұр. Кіреберістегі алаңға төселетін гранитке дейін тапсырыс беріліп қойыпты, қазір жарықтандыру жобалары жасалу үстінде.

Құрылыс нысанының жай-күйімен танысып болған Араб Әмірліктерінен келген меймандар бұл жобаға арналған қажетті қаражаттардың барлығы дайын және арнайы есепшоттарда тұрғанын айтты. Қаржыландыруда ешқандай кедергі болмауы тиіс, тек атқарылған жұмыстардың құжаттары уақытында ұсынылса болғаны.

Араб елдерінен келген қонақтар мешітпен қатар тағы бір маңызды ынтымақтастық жобасын қарастыру үстінде. Олар енді Күршім ауданында жаңа туристік кешеннің құрылысын бастамақшы.

– Біз мұнда осымен төртінші жыл қатарынан келіп отырмыз. Кеденнен қолға түсірілген контрабандалық құстарды, яғни, ителгі мен қаршығаларды Қазақстанның көгіне бостандыққа жіберіп, олардың ұшу бағыттарын арнайы құрылғылармен бақылап отырамыз, – дейді Халықаралық құстарды қорғау қорының директоры Мұхаммед Салих Хасан. Құсбегілік өнерді қандарына сіңірген арабтар өткен жылы Алтай аспанына кеденде тәркіленген біршама құсты ұшырған болатын, қазір олар бұл құстардың табиғат жағдайында көбеюіне күш салып келеді. Биылдың өзінде араб жерінен әкелінген 66 құсты еркіндікке жіберген.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив