KZ
Өскемен
+16°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
441.44 473.09 4.75

RADIO ALTAY жаңалықтары - 23 мамыр 2012 жыл

22.05.2012, 18:00 168


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Семейге кардиохирургиялық құрал-жабдықтар әкелінеді. Қазіргі уақытта семейлік мамандар Ресейдің Алтай өлкесі, Новосібір аймағымен байланысып, тәжірибе алмасуда.

Глубокое ауданы тұрғынының ұялы телефонына смс-хат арқылы оның ұялы телефон ұтып алғандығын жазып, өзіне 37 мың теңге аудартып алған алаяқ құрықталды. Қолға түскен Павлодар қаласының тұрғыны үш рет сотталып, қамауда отырған. Егер ол осы қарқынынан таймаса, бар ғұмырын темір тордың арғы бетінде өткізері хақ.

Үржар ауданы, Елтай ауылындағы Қабдығали Игенбайұлы атындағы орта мектепте қазақтың бұлбұл үнді әншісі Роза Бағланованың 90 жылдығына арналған аудандық семинар өттті. Мектептің акт залы Роза Тәжібайқызының әсем суреттерімен безендіріліп, «Әлемді әнмен тербеткен» атты фотомонтаж қойылды. Оқушыларының әдеби-сазды қойылымдары көрсетілді.

Астана қаласында өткен «Жас қанат-2012» республикалық жас орындаушылар байқауында Курчатов қаласынан Күлайым Қайырбаева «Айтарым жоқ, туған жер» әнін орындап, үшінші орынды иеленді.

Жедел іздестіру шараларын өткізу барысында Өскемен қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері атыс қаруын заңсыз сақтау дерегін анықтады. Қаладағы пәтерлердің бірінен 8 дана оғы бар тапанша және шытқа оралып түйілген 12 оқ тәркілеп алынды. 50 жасар күдікті азамат тапаншаны таныс әйелінің әкеліп тастағанын айтты. Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Абай аудандық спорт мектебінде жас шахматшылар мен тоғызқұмалақшылар арасында оқушылардың аудандық жарысы мәреге жетті. Жекелей сында Назымқызы Нұрайым, Дулатұлы Ерасыл, Кенжебеков Темірлан, Уәлибекова Ділда топ жарды.



Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Өткен жылдың аяғында Зайсан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасына «Мүгедектерді тұрмыстық-қамту орталығының» жобасы ұсынылып, оған 400 мың теңге бөлінген. Аудан әкімі осы жобаны іске асыру үшін Зайсан қаласының шағын ауданынан пайдалануға ғимарат берді. Кеше орталықтың салтанатты ашылу рәсімі болды.

Бородулиха ауданындағы тірек ауылдарының бірі – Жаңа Покровка елді мекенінде үш мыңнан астам тұрғын бар. Тірек ауылдарды дамыту жөніндегі бағдарлама аясында осы ауылда Мәдениет саябағы, стадион, орталық су құбыры жөнделмек. Мектеп жанынан спорт зал салынады.

Өскемендегі Спорт сарайында «Туризм. Саяхат. Демалыс» атты бірінші аймақтық туристік көрме өтті. Аймақтағы туризмді дамытып қана қоймай, оның имиджін арттырып, бағыт-бағдарын айқындау мақсатында өткен көрменің қалың бұқараға берері мол.

Глубокое ауданындағы Балалар шығармашылық үйінде «Жыл мұғалімі-2012» аудандық байқауы өтті. Кожохова орта мектебінің мұғалімі Егорова бірінші орынды иеленді.

Ұлан ауданы Асубұлақ кентіндегі «Белогорстрой» және «Экострой» кәсіпорындарының басшылары 300 млн. теңгенің салығынан жалтарып келген. Ал басшысыз қалған кәсіпорынның 280 жұмысшысынан қазір 40 шақты адам ғана қалыпты. Қалғандары ақысыз демалысқа жіберілген. Шаруалары шатқаяқтағаны соншалық, жабылудың аз-ақ алдында тұрса керек.

Бородулиха аудандық ардагерлер кеңесі қоғамдық ұйымы аудан ардагерлерінің көркемөнерпаздар ұйымдары арасында патриоттық әндерден өнер сайысын өткізді. Ондағы мақсат жас ұрпаққа елжандылық қасиетін сіңіру болатын. Байқау қорытындысында бас жүлдені Новопокровка ауылдық округінің өнерпаздары жеңіп алды.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив