KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 2 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Қазақта «ішкіш әйел» деген де сұмдық шықты

26.04.2012, 18:00 283


Кейінгі үш ғасыр ішінде халқымыз еуропалықтардың жақсы өркениетін қабылдаумен бірге көлеңкелі жағына да еліктеп, «ащы суға» бой үйретіп алғаны жасырын емес. Аудандық медициналық бірлестіктің психиатр-наркологы Оралхан Ахметжанова адамдардың жүйке-психикалық ауруларға душар болуына түрлі себептер әсер етіп отырғанын, соның ішінде алкогольді ішімдіктің зардаптары алаңдатарлық жағдайға жеткенін нақты мысалдар арқылы дәлелдеп берді. Рас, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да бар екен. Салауатты өмір салтын насихаттаудың жақсара түсуінің нәтижесінде аудан бойынша 2010 жылмен салыстырғанда өткен жылы диспансерлік есепке тіркелгендердің саны 20 адамға азайыпты. Жалпы алғанда диспансерлік есепке 283 науқас тіркелген. Оның он үші – әйел. Негізінен арақкештер – нағыз орда бұзып, қамал алатын 30-40 жастың аралығындағылар. Бұл, әрине, санда бары ғана. Ал санатта жоғы қаншама десеңізші.

Маскүнем аналар азаймай отыр

Өткен жылы №2 медициналық бірлестіктің жүйке аурулары бөлімшесінде (меңгерушісі Айгүл Әбілқасымова) 113 адам емделіп шыққан екен. Бұдан 5-6 жыл бұрын бөлімшеге 4-5 адам ғана ішкіліктен уланып түссе, былтыр бұл көрсет-кіш 22 адамға жетіпті. Сондай-ақ, сегіз адам талма ауруына ұшыра-ған. Кейінгі жылдары отбасыларын арақ деген әзәзілге айырбас-тап кеткен маскүнем әкелердің 4-5 есе өсуі де алаңдатарлық жағдай. Ал 2001 – 2005 жылдары ішімдікке салынып, аналық құқынан айырылған әйелдер жоқтың қасы болса, 2006 – 2011 жылдары он шақты әйел аналық құқынан айырылған екен. Ол әйелдердің бала-шағасы балалар үйіне өткізіліпті.
Ішімдікке салынушылар арасында ми тамырларының жарылуы, жүректің тоқтап қалуы, елесті аурулардың салдарынан өзіне-өзі қол салуы (суицид) сияқты фактілер кездесуде. Маскүнем аналардан туған балаларда психикалық ауытқушылық, ақыл-ес кемдігі, генетикалық өзгерістерге ұшырау белең алуда. Француз ғалымдары өз зерттеулерінде маскүнем аналардан туған балалар емдеу орындарына әдеттегіден бес есе көп келетіндігін дәлелдесе, ағылшынның әйгілі психиатры Соливен маскүнем аналарды арнайы тексеруден өткізгенде олардан туған 386 баланың 114-і ғана тірі қалғанын, бірақ, сол тірі қалғандарының сексен пайызы қояншық дертіне (эпилепсия) душар болып, түрлі емдеу орындарына жіберілгенін айтады.
Арақтан улану кезінде жан сақтау және терапия бөлімдеріне түсушілердің саны да арта түскен.
Ауданның көптеген сауда дүкендерінде арақ-шарап күндіз-түні сатылып жатады. Әрине, кәсіпкер үшін арақ-шарап дегеніңіз кірістің қайнар көзі болып тұрса, оны уақытпен санаспай сатқаннан айылын қайдан жисын? Кәсіпкерлердің бәрін бірдей кінәлаудан аулақпыз. Олардың ішінде де халықтың қамын ойлайтындар баршылық. Дей тұрған-мен, олардың бірсыпырасына адамның денсаулығы емес, арақтан түсетін табыс қымбат екенін дәлелдеудің қажеті бола қоймас. Ендеше, жергілікті жерлерде арақ-шарап сатудың мезгі-лін реттейтін уақыт келген сияқты. Ал оны қалай реттеу қажеттігін құзырлы орындар ойластыруы қажет.

Той дастарқанын қымыз толықтырса...

Жиын-тойларда дастарқанға арақ-шараптың орнына қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындарымызды қоятын уақыт баяғыда келді. Көкжыра ауылдық округінің әкімі Бақытжан Кемербаев:
– Салауатты өмір салтын қалыптастыруға не жетсін?! Ал мұндай игі шараны жастардың үйлену тойынан бастауды ұйғарудамыз. Өйткені, арақ-шарап құйылған тойда айғай-шу, ырың-жырың болатыны белгілі. Ал осындай келеңсіздікпен басталған жастардың өмірі одан әрі баянды болып кете ала ма? Сондықтан жаңадан қосылған жастардың үйлену тойының мәңгілік есте қалуы үшін дастарқаннан арақ-шарапты алып тастап, оның орнына қымыз бен шұбат сияқты ұлттық сусындарымызды қойғыза бастадық. Жуықта ғана ауыл тұрғыны Ержан Тұрғанбаевтың үйлену тойында қымыз құйылып, қазақы дәстүрде өткізілді. Қазір ауылдық округімізде Мейірғазы Оралханов, Ержан Тұрғанбаев, Өнер Сабырбаев биебау ұстап, әртүрлі басқосуларды қымызбен қамтамасыз етуде, – деді.
Өкінішке қарай, аудандағы барлық ауылдық округтерде осындай жұмыстар атқарылып келе жатыр дей алмаймыз. Ондап, жүздеп жылқы ұстап отырса да, биебау ұйымдастыра алмай отырған елді мекендер де жоқ емес. Оны насихаттауға ынта-ықыласымыз да жетіспей жатыр. Ата-бабаларымыз арақ-шарапсыз да той-томалағын қызғылықты өткізе білген екен. Ендеше, ұлттық кұндылығымыз – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды қайта төрге шығарып, салауатты өмір салтын неге қалыптастырмасқа?
Ауылдық округтерде «Ішімдіксіз көше», «Ішімдіксіз ауыл» деген жарыстар ұйымдастырылып, озық шыққандар марапатталып, ішімдікті тастай алмай отырған көшелер мен ауылдар әшкереленіп отырса, бұл игі іс неге өз нәтижесін бермесін? Тек құзырлы орындар мұндай игі шараларды жоспарлы түрде қолға алып, оны мәдени-көпшілік жарыстарының құрамдас бір бөлігіне айналдырмай, бұл істің алға басуы да қиын.
– Тағы бір айтар мәселе, №2 аудандық медициналық бірлес-тіктің қарауындағы жүйке-психикалық бөлімшесі 1998 жылы
ашылғаннан бері оның көнерген ғима-
ратына құрылысшы қолы тимепті. Бөлмелерінің іші күңгірт, қабырғалары сарғыш тартып, ескілігі көзге ұрып тұр. Рас, кейінгі жылдары аудандағы көптеген денсаулық сақтау ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, сырты сұлуланып, іші даңғырап шыға келгенін көзіміз көріп жүр. Көптеген кабинеттер қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, қызмет көрсету сапасы арта түсуде. Сондықтан осындай оң өзгеріс аталған бөлімшеге де жасалып, оны күрделі жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен келер жылға біраз қаражат бөлінсе деген ойымыз бар. Өйткені, бұл аса үлкен ғимарат та емес.

Елемеген дерт ем таптырмас


Ішімдікті пайдалануға қарсы тиісті шаралар қолданбаса, оның түбінде үлкен зардаптарға соқтыруы да ықтимал. Мәселен, ішімдіктің салдарынан Ресейдің солтүстігіндегі шағын ұлттар бірінен кейін бірі құрып бара жатса, АҚШ-тағы резервацияға алынған үндістердің трагедиялық жағдайы да солардан асып тұрған жоқ. Егер осындай келеңсіз құбылысқа көзжұмбайлықпен қарай берсек, ол күні ертең оңалмайтын қоғамдық кеселге айналып кетуі де әбден кәдік. Өйткені, маскүнемдікті дерт деп білсек, халқымызда «елемеген дерт ем таптырмас» деген мақалдың бар екенін де ұмытуға болмайды. Сондықтан жергілікті басқару, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар, медициналық, мәдени-көпшілік, білім беру орындары осы келеңсіз көрініске қарсы жүйелі жұмыстар жүргізіп, салауатты өмір салтын орнықтыруға атсалысулары қажет.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив