KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,8 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Алдын алған «аһ» ұрмайды

25.03.2012, 18:00 199


Қазіргі күннің ең басты мәселесі – көктемгі еріген қар мен сеңі бұзылған мұздардың кептелісінен өзен арнасына жайылып, әп-сәтте пайда болатын тасқын су апаттарының алдын алу болып тұрғаны белгілі. Осыған орай облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев Катонқарағай ауданында болып, тасқынға қарсы дайындық шараларының барысымен танысты. Бұқтырма су қоймасының бойымен жүріп, жағаға жақын ауылдардың тұрғындарымен кездесті.

Сенноеның сеңі сәуірде бұзылады


Әкім алдымен Сенное ауылына ат басын тіреді. Мұндағы 83 үйде 303 жан тұрады. Аудан басшысы Арман Бекбосынов атқарылып жатқан шаруалардың барысынан хабардар етіп, көктемгі қар суының еруіне орай оның алдын алу үшін жасалған жобамен таныстырды. Биыл қар екі есе аз, мұздың қалыңдығы бұл тұста 110 см. Алайда, аяздың қатты болуынан жердің тоңы тереңдеп кеткен. Ауылда 1962 жылдан тұратын ақсақал Александр Корнеевтің айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда биылғы қауіптілік әлдеқайда төмен. Жағдай күнде өзгеріп тұратындықтан, салғырттық танытуға болмайды. Мұзды жаруды тезірек бастау керек.
Аймақ басшысы облыстық гидрометеорология орталығы мамандарының мәліметінше, сәуірдің 5-інен бастап күн тұрақты жылынатындығын, сондықтан өзен бойында тәулік бойы кезекшілік болуы керектігін, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Р.Нұрбатшановқа келесі айдың басынан арнаулы 20 маманды Сенноеға жіберуін, олардың ауылдың тұрғындарымен бірлесе жұмыс атқаруын тапсырды. Сәуір айында сала мамандары Сенноедағы сеңді бұзу үшін бірнеше жерден мұзды жаруды ұйымдастырмақ.
– Сенноеда медпункт, телефон, жол мәселесі шешілген. Құжаттары әзір болса, мектеп мәселесі де қарастырылады. Бүгінгі басты мәселе мекенді суға алғызбауымыз керек. Сіздерде тәжірибе жеткілікті. Тек бұл істе ұйымшылдық, бірлік қажет. 2009-2010 жылдары бұдан да қиын жағдайларды бас-тан өткергенбіз. Бұл жолы да аман өтуге тырысамыз. Қаржы бар, мамандар жұмыс істеп жатыр. Биыл тасқыннан зардап шегуге жол бермеуіміз қажет. Сол үшін бүгін сіздермен кездесуге келіп отырмыз. Осының бәрін көршілеріңізге айтыңыздар, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Өңір басшысы мұнан соң Коробиха ауылына барып, Бұқтырма өзені бойындағы жағалауды бекіту жұмыстарымен танысты. Ауыл Ұлттық парк аумағына кіреді. Мұнда 678 адам тұрады. Ауылдық округ әкімі Дәулетжан Тоқбаевтың айтуынша, жағаны бекіту жұмыстары 2010 жылы жүргізілген. «Зырян мостдорстрой» ЖШС-і ұзындығы 1200 метр, биіктігі үш метр болатын дамбы тұрғызған. Судың деңгейі күнделікті бақыланады. Үйлерді су алу қаупі жоқ. Кезекшілік қойылған. Жағалау бойын қарап біткесін облыс басшысы ауылдағы мектептің жағдайымен танысты. Спортзалын, асханасын, шағын орталығын, мультимедиалық кабинетін, мұражайын көрді, мұражайдағы естелік кітабына қолтаңбасын қалдырды. Білім ордасында 90 бала оқиды. Мектепалды даярлықта – 30 бала. Былтыр жергілікті бюджеттен спорт және мәжіліс залдары жөнделген. Оқушылардың қол күресінен, шаңғыдан, күрестен ауданда, облыста жетістіктері бар.
Мектеп директоры М.Тоқтасынов ауылға үлкен бөгет салуға қаржы бөлгені үшін облыс басшысына ауылдастарының атынан алғысын білдіре келе, мектептің шатырын ауыстырып беруге көмектессеңіздер деген өтінішін жеткізді. «1986 жылы салынған ғимараттың ескі шатыры қалың қарға шыдас берер емес. Төбеге шығып, қарын күрегенде сынып кетеді. Профлистқа ауыстырылса» дейді ол.
Ауылдың тағы бір проблемасы – тұрғындар ауызсуды ашық су көздерінен алады. Аудан әкімі бағдарламаға енгізуге әзірге су қорына сараптаманың жоқтығын айтады. Дегенмен, оны тоспай өздері де қарекет қылып жатқан көрінеді.
Барлық ауылында да дайындық жұ-мыстары ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр екен. Мұндағыларды алаң етіп отырған тағы бір жәйт – ауылдағы көпір. Былтыр мұз көпірдің үстіне шығып кеткен. Қазіргі арақашықтық бір жарым, екі метр. Жалпы қауіпті толық сейілту үшін Барлық ауылы мен Ақмарал ауылына бөгет салу қажет болып тұр. Жобалық-сметалық құжат бойынша 18 млн.-дай қаржы керек. Сондай-ақ, ауылға келер төрт шақырымдай тас жолға күрделі жөндеу жасалса, ол әрі жолдың, әрі тасқыннан қорғар бөгеттің қызметін атқармақ. Мәселелерді мұқият зерделеген өңір басшысы қаржылай қолдаудың болатындығын тілге тиек етті. Сонымен бірге Р.Нұрбатшановқа мұнда да үзіліссіз кезекшілік ұйымдастырып, көпірді ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Үштөбеліктерден үйренеріміз көп

Үштөбе ауылының тұрғындарын Теректі өзені алаңдатып отыр. Ауыл тұрғындары облыстың басшысының келетінін естіп, тайлы-тұяғы қалмай өзен басына жиналыпты. Үштөбеліктердің тасқынның алдын алу жұмыстары баршаға үлгі боларлықтай. Мұндағы 49 үйдің ер-азаматтары екі ай бойы өзен арнасындағы қалыңдығы үш ме-трге таяу мұзды ойып, бірнеше жүз метрге созылған арна жасаған. Сол арқылы мұздың астымен тереңдігі 20 см.-ден аспайтын суды арнасымен ағызып жатыр. Ауылдың Ақтай Самажанов, Ұлдарбек Сақанов, Алмас Бұғыбаев, Алтай Есенжаров сынды азаматтары бастаған ауыл халқы ұйымшылдық танытып, су тасқынының алдын алған. Егер тасқын бола қалған жағдайда арнаулы мамандар көмекке келуге әзір. Мұнда да кезекшіліктің тәулік бойы үзілмеу керектігі айтылды.
Облыс Әкімі өзен басына жиналған жұрттан хал-жағдайларын, толғандырып жүрген мәселелерін сұрады. Ауыл негізінен егін егіп, мал бағады. Ұялы байланыс істеп тұр. ФАП бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы ахуал жақсы. Аудан басшысы тарапынан толықтай қолдаулар бар. Тұрғындар тек ауылдан үлкен жолға дейінгі үш шақырым жол жөнделсе дейді. Сонымен қатар, облыс басшысынан шағын несие алудың, ауылда кәсіпкерлікті кеңейтудің жолдарын сұрап, нақты жауаптар алды.
– Ауылда тұрып, мал ұстағанның өзі жұмыс болып саналады. Бұрынғыдай емес, ауылдарда қазір жағдай жақсарып келеді. Несие алу үшін ұсақ шаруашылықтар ірі шаруашылықтардың қасына бірігу керек. Сонда несие алуға, кәсіпкерлікті дамытуға болады. Сол үшін жасалып жатқан бағдарламалар бар. Тек ерінбей еңбек ету керек, – деді Әкім.
Бұл күнгі жұмыс сапарының барысында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Кіші Нарын ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогіне арналған еркін күрестен облыстық турнирдің ашылу салтанатына қатысты.
Мәдениет үйін «Жас қанат» шаруа қожалығының жетекшісі Анатолий Матасов 2008 жылы коммуналдық меншікке қайтарып берген. 2010 жылы жергілікті бюджет есебінен ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Анатолий Петрович «Туған жерге – тағзым» акциясының аясында ағымдағы жылдың ақпанында өз қаржысынан 1 млн. теңгеге күрес матыларын сатып әперген. Осы наурыз айында жергілікті бюджет қаржысына бокс рингі сатылып алынып, орнатылған. Бүгінде мәдениет үйінде түрлі мәдени шаралар үнемі өткізіліп, спорт- зал тұрақты жұмыс істеуде.
– Құрметті ауыл тұрғындары, спортпен шұғылданған адамның денсаулығы мықты, болашағы жарқын болатынын сіздер білесіздер. Спорт арқылы еліміз әлемге танылады, Әнұранымыз орындалып, жалауымыз биіктен желбірейді. Сонау Зайсаннан, Күршім мен Тарбағатайдан командалар келіп жатқаны қуантады. Наурыз мерекесінің қарсаңында үлкен шара ұйымдастырып жатыр екенсіздер. Қайырлы болсын! Сәл ертеректе Наурызды тойлай алмайтын да заман болған. Наурыз-көжені тығылып жасайтын едік. Соның бәрі енді артта қалды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Елімізде береке-бірлік болсын, – деген Бердібек Мәшбекұлы болашақ боксшыларға бокс қолғаптарын салтанатты жағдайда табыс етті.
«Сіздің осындай рингті берген қамқорлығыңызға сапалы біліммен, саналы тәртіппен жауап береміз. Үлкен рақмет, Сізге» деді барлық жас спортшылар атынан жас боксшы Еламан Ақонов. Турнирге облыстың әр бұрышынан келіп, әртүрлі салмақта жалпы жиыны 180 бала бақтарын сынауда.
Мәдениет үйін аралап көрген облыс басшысы облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Ә.Донбаевқа осындай жарыстарды көптеп ұйымдастыруды тапсырды.
Түстен кейін Әкім Ақмарал ауылына келіп, ондағы жағдайды бағдарлады, тұрғындарымен кездесіп, жағдайларын білді. Ауылдық округ әкімі Жанболат Тыныбековтің көктемгі тасқынға қарсы атқарған жұмыстарымен танысты. Ауылдың ортасымен Быструшка өзені ағып өтеді. Өзеннің үстіндегі көпір қазіргі уақытта мұз құрсауында. Арнасын тереңдетіп, жаңа ағаш көпір салу үшін қажетті құжаттары жасалып, тиісті басқармаға жіберілген.
Құны – 8 млн. теңгеге таяу. Ауыл тұрғындарының «Көпір ағаштан емес, мықты материалдан болса» деген сауалдарына «Жергілікті жағдайға, түсетін салмағына байланысты ағаш көпір қарастырылған» деген жауап берілді.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ барлық әкімдерге, тиісті мекеме басшыларына көктемгі қардың еруінен ерекше абай болуды, тұрғындармен түсінік жұмыстарын көптеп жүргізуді, жергілікті жағдай бойынша жиі ақпар беріп тұруды тапсырды.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив