KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 6 м/с, В
475.18 510.72 5.47

Біліп айтқан екен ғой

21.02.2012, 18:00 142


Бүгін түсіне марқұм енесі енді. Ақ шатырдай кимешек киіп алыпты. Тура тірі ке-зіндегідей бұған әлденелерді айтып жатыр. Уақыт деген қандай жүйрік десеңші! Енесінің өмірден озғанына да бес жылдың жүзі болыпты ғой. Жақсы адам еді марқұм. Гүлғайшаның көңілін мұң торлады. Тірі кезінде енесінің қадірін білмеді ғой бұл. Көсемсіп сөйлей беретіні несі деп ойлайтын. Енесі ақыл айтса, әжептәуір ашуланып қалатын еді. Сонда енесі не айтатын еді бұған. Жастық па, әлде еріншектік пе, кейде ыдыс жууға ерінетін. Оның үстіне ауылды жерде краннан ағып тұр-ған ыстық су қайдан болсын. Кір ыдыстарды жинап-жинап бір-ақ жуатын. Бұл қылығын енесі марқұм ұнатпайтын еді. Мұны ұялтқысы келе ме, кейде білегін түріп жіберіп өзі жуып тастайтын. Әрдайым күліп, жымиып жүр, үйіңе келген адамға жайдары қабақ таныт дейтін еді бұған. «Үйіңе келген адам сенің тамағыңа емес қабағы-ңа, табағыңа емес тазалығыңа қарайды» деп үнемі айтып отыратыны есінде.
Сол күні енесімен өмірінде тұңғыш рет жүз шайысып қал-ды. Кішкентай Есболы енесінің көзінше төрдегі төсенішті сулап қойғаны. Енесі шыдай алмады білем, жүгіріп барып немересін май құйрықтан салып-салып қалды. Шар етіп жылаған ұлына араша түсті бұл.
– Апа, не болды сонша?
– Уақытымен тоспай әбден жаман үйреткенсің.
– Сисе, жаман киізге сиді ғой. Кілеміңізді былғаса, қай-тер едіңіз?
– Баланың өзі әулие бол-ғанымен, боғы мен сідігі әулие емес.
Енесінің сөзін Гүлғайша сонда көңіліне тым ауыр алып қалып еді. Ененің аты ене, мені жақсы көрмейді деп ойла-
ған іштей. Қазір өзі де ене болды. Келіні мұны да қазымыр деп ойлайтын шығар. Бірақ оған не айтса да жақсы ниетпен айтады. Келін де балаң секілді. Қатарының алды болғанын қалайсың. Әй, қайдам... Мұ-ның да келіні еріншектеу. Кейде немерелері былғаған көрпе-төсекті көрген сайын енесінің «баланың өзі әулие болғанымен, боғы мен сідігі әулие емес» деген сөзі ойына орала береді... Марқұм енесі біліп айтқан екен ғой...

Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив