Олимпиада жүлдегері өскемендік жас балуандарға мастер-класс өткізді
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері өскемендік жас балуандарға арнап шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бүгін облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында даңқты балуан, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтің қатысуымен балғын спортшыларға арналған жаттығу жиындары өтті. Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Атаевтің мәлімдеуінше, мұндай шараны өткізу мүмкіндігі ойда жоқта пайда болыпты.
Олимпиада ойындарының жүлдегері Өскеменге өз жерлестері, «Жетісу» волейбол клубының қыздар командасына жанкүйер болу үшін арнайы келіпті. Естеріңізге салайық, талдықорғандық волейболшылар бұл күндері облыс орталығында өтіп жатқан Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатына қатысуда.
[caption id="attachment_45403" align="aligncenter" width="1000"] Нұрбақыт Теңізбаев[/caption]
Сапары барысында Нұрбақыт Молдахметұлына жергілікті спорт бөлімінің басшылығы тарапынан жас балуандарға арнап шеберлік сағатын өткізу жөнінде ұсыныс жасалған екен. Тәжірибелі балуан бұл ұсынысқа қуана келіскен.
– Мұндай шаралардан жастарымызға тиіттей болса да пайда тиіп жатса, соның өзі жеткілікті. Негізі, Өскеменге волейболшы қыздарымызға жанкүйер болу үшін келген едім. Жергілікті спорт саласының қызметкерлері тарапынан ұсыныс түскен соң, одан бас тарта алмадым, – дейді Олимпиада жүлдегерінің өзі.
Айта кетейік, Нұрбақыт Теңізбаевпен кездесуге жас грек-римшілермен бірге, басқа да күрес түрлері бойынша тәлім алып жатқан өрендер де қатысты. Балақайлар даңқты балуанға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, оларға толыққанды жауап алды. Шар соңында жас спортшылар қонақпен бірге естелік суретке түсті.