"Абайдың 150 жылдық тойына 1 тонна шұбат жеткізу" деген тапсырма келді
Мақаншы ауылында жасы 70-тен асқан Мұрат Төлеков ағамыз келе-келе түйе өсіріп, қызығын көріп келеді. Ол қарамағындағы 80-нен асам түйені сауып, ала жаздай Алакөлге шұбатын сатты. Түйе шаруашылығымен айналысқанына 20 жылдан асқан оның Ойсыл қара жайлы шертер әңгімесі бітпейді:
-Осы Мақаншыдағы «Арқалды» деген ірі шаруашылықта бас мал дәрігері болдым. 150 мыңға дейін ақ қойы, үйір-үйір жылқысы, бәленбай мың ірі қарасы болған облыстағы ірі шаруашылық болатын,- деп бастады Мұрат аға,-шаруашылықтың 140-тай түйесі де болды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық торқалы тойы болар қарсаңда совхоз директоры Қайыртай Қажығұлов ағамыз барлығымызды жиып алды. Сосын біреуімізді киіз үйге, біреуімізді концертке, бірімізді ат бәйгесіне жауапты қылып, тапсырмалар берді. Соның бірі тойға шұбат жинап апаруымыз керек. Қарамағымыздағы 30 інгеннен 1 тонна шұбатты сауып, жинап, тойға апару бізге тапсырылғаны жөнінде айтты. «Осы жауапты іс бас мал дәрігері Мұрат Төлековке жүктеледі», деді.
Тойдың басталуына әлі екі ай мерзім бар. Іске кірісіп кеттік. Сауылмаған асау інгендер, бас білмейді. Алысып, арпалысып жүріп әйтеуір, 21 інгенді қолға үйреттік. 800 литрлік еменнен жасалған үлкен бөшкені Аягөз жақтан тауып әкелдік те сол күннен бастап, сауған түйе сүтін жинай бердік. Екі ай дегенде бөшке де толды. Тамыздың 3-і күні той болатын Абай ауданына алып бардық. Бұдан өзге 20 қой, екі жылқы етін тойға әкелдік. Той 10 тамыз күні басталды ғой. Күн қатты ыстық. Бөшкенің ауызы ауа шықпайтындай етіп мықтап шегеленген. Енді оны ашсақ екі ай тұрған шұбатымыз атылып, масқарамыз шығып жүрер ме екен деген қауіп те жоқ емес. Қойшы әйтеуір,сізге өтірік, маған шын, балғамен тықылдатып, аузын ашып едік, тіпті «ысс» еткен де дыбыс болмады. Айтайын деп отырғаным, шұбаттың қасиеті ғой. Бабаларымыз жаугершілік заманда жандарына торсық байлап алып, осы сусынды қорек еткен ғой жарықтықтар. Сонда бұл өзі оңайшылықпен бұзылып, іри қоймайтын сусын екеніне көз жеткіздік.