Сарыбел ауылында ауызсу мәселесі шешілді. Ал басқа аудандарда жағдай қалай?
ШҚО Самар ауданына қарасты Сарыбел ауылының тұрғындары жақында су мәселесіне қатысты шағым білдіріп, әлеуметтік желіге бейнежазба жариялады. Жақында ғана 1 шақырымдық су құбыры ауыстырылғанымен, тұрғындар бір ай өтпей сусыз қалыпты. Себебі бірнеге құдық сынып қалған екен.
Бұл жағдайға қатысты аудан басшылығы бірден шара қабылдады. Қазір ауылда су мәселесі шешіліп, су сорғысы орнатылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әкімдіктің ақпараты бойынша, су қондырғысының мұнарасы 22 тамызда іске қосылған. Алайда жауын салдарынан 5 қыркүйекте су сорғы станциясын басқаратын қорап істен шығып қалыпты.
Мәселені аудан әкімі Нұрлан Махамбетов өз бақылауына алып, Сарыбел ауылдық округінің әкімі мен құзыретті органдарға тапсырма берген еді.
Осыған дейін тек бес колонкадан ғана су алуға болатын. Аудандық ТКШ бөлімі өкілінің хабарлауынша, ауылда қазір 16 колонка жұмыс істеп тұр.
ТКШ бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда ауыл ауызсумен толықтай қамтылып отыр. Аудан әкімі Нұрлан Махамбетов мәселені өз қолына алып, оны тез арада шешуді тапсырған. Қазір тұрғындар су тоқтаусыз ағып тұрғанын айтты.
Алайда су мәселесінің зардабын тартып отырған тек Сарыбел тұрғындары ғана емес. Облыста суға қатысты мәселесін билік өкілдеріне жеткізе алмай отырған өзге тұрғындар да бар. Соның бірі Глубокое ауданы Алтай кентінде болса, екіншісі – Катонқарағай ауданы Топқайың ауылындағы мәселе.
Глубокое ауданына қарасты Алтай кентінде бірнеше жыл бұрын қабылданған ағынды суды тазарту қондырғысы әлі іске қосылмаған көрінеді. Осы мәселені желіге жариялаған Дидар Смағұловтың мәліметіне сәйкес, нысанды қабылдап алу кезінде 718 млн теңге төлеген. Қазіргі таңда нысан тоналған, алып кетуге болатын дүниенің бәрі қолды болған көрінеді. Ғимараттың терезесі сынған, аумақ қоршалмаған, күзет қойылмаған. Трансформаторлық қосалқы станция қаңырап бос тұр, ішінде ештеңе жоқ. Дизель генераторының сатуға болатын бөліктері ұрланған. Сорғы, биореактор, сүзгі сынды құрылғылар атымен жоқ. Ал ауыл ескі станцияға қарап отыр. Ол станцияның апаттық жағдайда екені туралы шешімнің шыққанына 10 жылдан астам уақыт өткен.
Осы мәселеге қатысты Глубокое ауданы әкімдігі Дидар Смағұловтың постына түсініктеме жазған. Түсініктемеде ауылдағы кәріз және ағынды суды тазарту қондырғыларын зерттеп, сарапшының қорытындысын алу үшін биыл аудан бюджетінен 7,5 млн теңге бөлінген. Түсініктемеге сәйкес, жеткізушіні тағайындау конкурсы 15 қыркүйекте аяқталуы қажет болған.
Ал Катонқарағайға қарасты Топқайың ауылында құрылысына 590 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған су құбыры әлі қолданысқа берілмеген. Дерекке сүйенсек, оның құрылысы 2022 жылдың желтоқсанында бітуі тиіс еді. Әкімдік «QazConstruction» мекемесімен 4 рет қосымша келісім жасасып, құрылыс жұмысының уақытын 2023 жылғы маусым айына дейін шегерген. Ұңғыма, резервуарға су айдайтын сорғы, резервуар салынбаған. Ал желі орнатылған жердегі шұңқырлар жабылмаған көрінеді. Желі қолданушысының жазуынша, жоба жұмысы үшін 364 млн теңге төлеген.
Мемлекеттік маңызды нысандары талан-таражға салынып, халқы арыз-шағымын блогерлер арқылы жеткізіп отырған екі ауданның әкімдерінің жұмысы Нұрлан Махамбетовтікінен тығыз ба? Әкімдердің басты міндеті – халықтың наласына құлақ түріп, мәселесін шешу болар. Онда осы екі әкім немен айналысып жүр? Халықты толғандырған мәселе қашан шешілер екен? Бұл сұраққа Глубокое және Катонқарағай ауданының әкімдері мардымды жауап беріп, нәтижесін іспен көрсетеді деп үміттенеміз.