Астанадағы ең қымбат үй сатылымға қойылды
Астанадағы ең қымбат үйдің бағасы – 820 миллион теңге. Көне дәуір мүсіндері және классикалық картиналармен безендірілген бұл жеті бөлмелі үй (пентхаус) араб шейхтарының апартаментінен бір аумайды. Әлбетте, қаланың көрнекті ауданында тұр. Бұл туралы Астана телеарнасы айтты. Тілшінің сөзінше, үй иелері алушыларға ішіндегі жиһазын түгел тастап кетпек.
Бірақ бұл үйдің өтуі әзірге мүмкін болмай тұр. Удай қымбат, бәлкім удан да қымбат...
– Қымбат үйлердің бос туруы заңдылық қой. Иесі көбіне шет елдерде жұмыс бабымен жүреді. Әмбе үй тозып кете ме деп, жалға да бермейді. Кейбір үйлердің құны нарық бағасынан жоғары болғандықтан өтпей талай уақыт тұрып қалады, – дейді жылжымайтын мүлік жөніндегі кеңесші Руслан Унгефуг.
Жағдайы бар отбасылар 5-6 жылда қаланың жаңа, сәулетті аудандарына қоныс аударып тұрғанды жақсы көреді. Олар камин, террасасы бар, қарауылы тастай берік, сапалы салынған үйлерді іздейді. Тіпті болмай жатса коттедж тұрғызатындығын айтады маман.
Оның айтысынша, жуықта пәтер сатып алу мен сату жеңілдей түседі.
– Мәскеудің тәжірибесіне сүйенсек, қазіргідей сату жүйесі біраз уақытта қалады. Сатып алу-сату ісі делдалсыз-ақ жүргізіле береді, – дейді маман.