ШҚО-да жағдайы төмен көпбалалы үйлерге өртке қарсы сигнализация орнатылады
Өңірімізде өрт оқиғалары азаймай тұр. Биылғы бір айдың ішінде ғана облыста 99 өрт оқиғасы болып, екі адам тілсіз жаудан көз жұмды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Астанадағы қайғылы оқиғадан соң алдын алу шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. Инспекторлар жер үйлер мен времянкаларды аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі туралы ақпараттық парақтар таратып, қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда пешті, мұржаны жөндеуді ескертіп жүр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Амангелді Шәріпжанұлының айтуынша, аз қамтылған және жалғызбасты қариялар, мүгедек жандар тұратын 1034 отбасын есепке алып, алдын алу, тексеру жұмыстарын жүргізген. Биыл «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының облыстық филиалымен бірлесіп газдан болатын иіс тиюден сақтандыратын 20 датчик орнатуды жоспарлап отыр. Былтыр пеш түтіні мен газдан сақтандыратын осындай 58 датчик Өскемен, Үржар, Семей қаласындағы жер үйде тұратын аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының баспанасына орнатылған. Пештен шығатын газ түссіз, иіссіз болғандықтан оны тұрғындар байқамай да қалады. Ұйқыда жатып тұншығып қалатындығы да сондықтан. Бұл құрылғының ерекшелігі сол – бөлмеге зиянды газ тарала бастаған кезде датчик дабыл қағып, тұрғындардың сыртқы шығып үлгеруіне мүмкіндік береді.